Спорттық-бұқаралық жүгіру іс-шарасына
тіркелу және қатысу шарттарына қосылу туралы
ЖАРИЯ ОФЕРТА
1. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1.1. Осы құжат Жарғы негізінде әрекет ететін Атқарушы директор Қазыбаева Салтанат Нұртасқызының атынан «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қорының (БСН 140840008587), бұдан әрі «Ұйымдастырушы» деп аталатын, алдын ала белгіленген қағидалар бойынша тұлғалардың белгісіз тобы үшін өткізілетін спорттық-бұқаралық жүгіру іс-шарасына тіркелу және қатысудың бірыңғай шарттарына қосылуға ниет білдірген жеке тұлғаларға арналған жария офертасы болып табылады. Ұйымдастырушы өзінің Жарғысына сәйкес дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамытуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және спорттық-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыруға бағытталған қызметті жүзеге асырады.
1.2. Осы Оферта Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көзделген шарт еркіндігі, қосылу шарты, оферта, жария оферта, акцепт және шарт жасасу тәртібі туралы ережелер ескеріле отырып әзірленді.
1.3. Осы Оферта Қатысушының осы Офертаға және Іс-шараны өткізу туралы тиісті Ережеге қосылуы арқылы жасалатын шарттың талаптарын қамтиды. Нақты Іс-шараның арнайы шарттары, оның ішінде күні, орны, қашықтықтары, қатысушылар санының лимиті, Тіркеу жарнасының мөлшері, тіркелу мерзімдері, сөрелік материалдарды беру тәртібі, қатысуды басқа күнге ауыстыру, қайта рәсімдеу, қашықтықты өзгерту және қатысуға жіберу тәртібі тиісті Ережеде және Ұйымдастырушының Ақпараттық көздерінде айқындалады.
1.4. Осы Оферта Қатысушы оны толық әрі сөзсіз Акцептеген сәттен бастап Ұйымдастырушы үшін міндетті болады.
1.5. Осы Офертаның акцепті Қатысушының осы Офертамен және Іс-шараны өткізу туралы Ережемен танысқанын әрі олардың талаптарымен келісетінін растайтын тиісті белгі қоюы және Тіркеу жарнасын төлеуі арқылы жүзеге асырылады.
1.6. Ұйымдастырушы белгілеген Іс-шараның тиісті қашықтығына қатысу үшін жасына және өзге де талаптарға сәйкес келетін, осы Оферта мен Ережеде белгіленген тәртіппен Акцепт жасаған жеке тұлға Қатысушы болып саналады. Ұйымдастырушы мен Қатысушы бірлесіп осы Оферта мен Іс-шараны өткізу туралы тиісті Ереженің талаптарымен жасалған қосылу шартының Тараптары болады.
1.7. Осы Оферта бойынша Қатысушы Ұйымдастырушы белгілеген Іс-шараның тиісті қашықтығына қатысу үшін белгіленген жас және өзге де талаптарға сәйкес келетін жеке тұлға бола алады. Кәмелетке толған Қатысушы осы Офертаны дербес акцептейді. Кәмелетке толмаған тұлғаның қатысуына осы Офертаның және Іс-шараны өткізу туралы Ереженің талаптары сақталған жағдайда жол беріледі. Кәмелетке толмаған тұлғаға қатысты осы Офертаны акцептеу, сондай-ақ қажетті келісімдер мен растауларды беру Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен кәмелетке толмаған тұлғаның және/немесе оның заңды өкілінің қатысуымен жүзеге асырылады. Заңды өкіл ұсынылған мәліметтердің дұрыстығын растайды және кәмелетке толмаған тұлғаның жасын, физикалық дайындығын және денсаулық жағдайын ескере отырып, оның Іс-шараға қатысу мүмкіндігін дербес бағалайды.
1.8. Қатысушы осы Офертаның, Ереженің қандай да бір талабымен, Тіркеу жарнасының мөлшерімен, қатысуды басқа күнге ауыстыру, қайта рәсімдеу, қашықтықты өзгерту, қатысуға жіберу шарттарымен немесе Ұйымдастырушының өзге де қағидаларымен келіспеген жағдайда, Ұйымдастырушы Қатысушыға тіркеуден бас тартуды және Тіркеу жарнасын төлемеуді ұсынады.
1.9. Осы Офертаға қосыла отырып, Қатысушы осы Офертаға және Іс-шараны өткізу туралы тиісті Ережеге енгізілген барлық қағидалармен танысқанын, оларды түсінгенін және келіскенін растайды әрі оларды сөзсіз және толық көлемде қабылдайды.
1.10. Осы Оферта Ұйымдастырушы өткізетін Іс-шараға тіркелу және қатысу шарттарына Қатысушының қосылу тәртібін айқындайды. Іс-шара Ұйымдастырушының белгілі бір Қатысушының жеке тапсырмасы бойынша емес, алдын ала белгіленген бірыңғай өткізу қағидалары негізінде тұлғалардың белгісіз тобына қатысты бірыңғай іс-қимылдар кешені ретінде жүзеге асырылады.
1.11. Ұйымдастырушы Қатысушыдан жеке тапсырма қабылдамайды, Қатысушы үшін жеке нәтиже қалыптастырмайды, Қатысушының спорттық нәтижеге қол жеткізуіне кепілдік бермейді, Іс-шараны өткізу тәртібін жекелеген Қатысушының жеке жағдайларына бейімдемейді және Қатысушының іс жүзінде сөреге шығуын қамтамасыз ету міндеттемесін қабылдамайды.
1.12. Осы Офертаны Акцептеген кезде Қатысушы Ұйымдастырушыдан қандай да бір жеке айқындалған іс-әрекеттер жасауды, Іс-шара қағидаларын өзгертуді немесе белгілі бір нәтижеге қол жеткізуді талап ету құқығына ие болмайды.
1.13. Осы Офертада көрсетілген ақпараттың Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына және нақты мән-жайларға сәйкестігі үшін Ұйымдастырушы жауапты болады.
2. ТЕРМИНДЕР МЕН АНЫҚТАМАЛАР
2.1. Оферта — Ұйымдастырушының Сайтында орналастырылған және белгісіз тұлғалар тобына арналған осы құжат.
2.2. Ұйымдастырушы — спорттық-бұқаралық жүгіру іс-шараларын дайындауды және өткізуді жүзеге асыратын «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры.
2.3. Қатысушы — тіркелу және Тіркеу жарнасын төлеу арқылы осы Офертаға қосылған немесе оған қатысты тіркеу заңды өкілі арқылы жүзеге асырылған жеке тұлға.
2.4. Іс-шара — Ұйымдастырушы алдын ала бекітілген Ережеге сәйкес тұлғалардың белгісіз тобы үшін ұйымдастырып, өткізетін спорттық-бұқаралық жүгіру іс-шарасы, оған бір немесе бірнеше жүгіру қашықтығы және/немесе спорт түрі кіреді. Ережеде көзделген жағдайларда Іс-шараның жекелеген қашықтығы немесе оның бір бөлігі спорттық нәтижелер мен жеңімпаздарды айқындай отырып, спорттық жарыс форматында өткізіледі. Қазақстан Республикасының «Дене шынықтыру және спорт туралы» Заңы 1-бабының 42) және 40-1) тармақшаларына сәйкес Іс-шара спорттық жарыс және спорттық-бұқаралық іс-шара болып табылады.
2.5. Ереже — Ұйымдастырушының нақты Іс-шараны өткізудің арнайы шарттарын, оның ішінде күнін, орнын, қашықтықтарын, қатысушылар лимитін, қатысуға жіберу тәртібін, сөрелік материалдарды беру тәртібін, қауіпсіздік қағидаларын, мерзімдерін және қатысудың өзге де шарттарын айқындайтын құжаты.
2.6. Ұйымдастырушының Сайты — Ұйымдастырушының интернет-ресурсы [https://www.almaty-marathon.kz/] және/немесе Ұйымдастырушы Қатысушыларды тіркеу, ақпараттандыру және құжаттарды орналастыру үшін пайдаланатын өзге де ресми интернет-ресурсы.
2.7. Жеке кабинет — Қатысушы тіркелу, Іс-шара мен қашықтықты таңдау, Тіркеу жарнасын төлеу, ақпарат алу және Ұйымдастырушы көздеген өзге де әрекеттерді жасау үшін пайдаланатын Ұйымдастырушы Сайтының электрондық бөлімі.
2.8. Тіркеу жарнасы — Қатысушының Іс-шараға қатысу шарттарына қосылу, слотты резервтеу, Қатысушыны тіркеу тізімдеріне енгізу, сөрелік материалдарды дайындау, Іс-шараны ұйымдастырушылық жоспарлау және осы Оферта мен Ереженің талаптарын сақтаған жағдайда Қатысушыны қатысуға жіберу үшін енгізетін нысаналы тіркеу жарнасы. Тіркеу жарнасы Қатысушының жеке тапсырмасы, жеке нәтижесі, кепілдендірілген спорттық нәтижесі үшін төлем болып табылмайды, сондай-ақ Қатысушыға жеке айқындалған қызмет көрсеткені үшін сыйақы, тауар үшін төлем немесе орындалған жұмыс үшін ақы болып саналмайды.
2.9. Слот — Ұйымдастырушы белгілеген тиісті Іс-шараға қатысушылар лимиті шегіндегі Қатысушының шектеулі орны, ол тіркелу аяқталып, Тіркеу жарнасы төленгеннен кейін Қатысушыға резервтеледі.
2.10. Сөрелік материалдар — сөрелік нөмір, электрондық чип, қатысушы пакеті, білезік, жапсырмалар, ақпараттық материалдар, сондай-ақ Ұйымдастырушы Қатысушыны Іс-шараға жіберу және/немесе оған қатысуы үшін дайындаған өзге де заттар мен сәйкестендіру құралдары.
2.11. Ұйымдастырушының Ақпараттық көздері — Ұйымдастырушының Сайты, Жеке кабинеті, әлеуметтік желілердегі ресми парақшалары, электрондық пошта, SMS, push-хабарламалар және Ұйымдастырушы пайдаланатын өзге де ақпараттандыру арналары.
2.12. Акцепт — Қатысушының осы Офертада көзделген әрекеттерді жасау арқылы Офертаны толық әрі сөзсіз қабылдауы.
2.13. Қосылу шарты — Қатысушының осы Офертаны толық әрі сөзсіз Акцептеуі арқылы Ұйымдастырушы мен Қатысушы арасында жасалатын және тауарды сатып алу-сату, қызмет көрсету немесе жұмыстарды орындау шарты болып табылмайтын шарт.
3. ОФЕРТА МӘНІ
3.1. Осы Офертаның мәні — Қатысушының алдын ала белгіленген қағидалар бойынша белгісіз тұлғалар тобы үшін өткізілетін Іс-шараға тіркелу және қатысудың бірыңғай шарттарына осы Офертада және Іс-шараны өткізу туралы тиісті Ережеде көзделген тәртіппен және шарттарда қосылуы.
3.2. Қатысу шарттарына қосылу Қатысушыны тіркеуді, белгіленген лимит шегінде слотты резервтеуді, Қатысушыны тіркеу және сөрелік тізімдерге енгізуді, сөрелік материалдарды дайындауды, Іс-шараны ұйымдастырушылық жоспарлауды және осы Оферта мен Ереженің талаптары сақталған жағдайда Қатысушыны қатысуға жіберуді қамтиды.
3.3. Іс-шара тиісті Іс-шараны өткізу туралы Ережеде және Ұйымдастырушының Ақпараттық көздерінде көрсетілген форматта, жерде, күні мен уақытында, бағыт бойынша, белгіленген қашықтықтарда және қағидаларға сәйкес өткізіледі.
3.4. Іс-шараның сипаттамасы мен ерекшеліктері, өткізу күні мен орны, қашықтықтары, жас санаттары, қатысушылар лимиттері, Тіркеу жарнасының мөлшері, қатысуға жіберу тәртібі, сөрелік материалдарды беру тәртібі, қатысу қағидалары және өзге де арнайы шарттар Ұйымдастырушының Сайтында орналастырылған Іс-шараны өткізу туралы тиісті Ережеде көрсетіледі.
3.5. Қатысушы тіркелуді аяқтап, Тіркеу жарнасын төлегенге дейін Іс-шараны өткізу туралы тиісті Ережемен танысуға міндетті.
3.6. Қатысушы Ұйымдастырушының Сайтында қолжетімді нұсқалардың ішінен Іс-шараны, қашықтықты, қатысу санатын және тіркеудің өзге де параметрлерін дербес таңдайды.
3.7. Қатысушы өзінің физикалық мүмкіндіктерін, денсаулық жағдайын, дайындығын, қарсы көрсетілімдердің бар-жоғын, Іс-шара өтетін жерге келу мүмкіндігін және оның іс жүзінде қатысуына әсер ететін өзге де мән-жайларды дербес бағалайды.
3.8. Ұйымдастырушы Қатысушының Іс-шараны, қашықтықты, күнді, қаланы, қатысу санатын қате таңдауына, дербес деректерді қате көрсетуіне, Қатысушының Іс-шара өтетін жерге келе алмауына, жоспарларының өзгеруіне немесе Қатысушы тарапынан туындаған өзге де мән-жайларға жауапты болмайды.
3.9. Іс-шараға тіркелу барысында Қатысушы Жеке кабинет арқылы, егер мұндай тауарлар мен опциялар тиісті Іс-шара үшін қолжетімді болса, ілеспе тауарлар мен қосымша опцияларды сатып алуға құқылы.
3.10. Ілеспе тауарлар мен қосымша опцияларды сатып алу Тіркеу жарнасының құқықтық сипатын өзгертпейді және осы Офертада және Ережеде белгіленген тіркелу, ауыстыру, қайта рәсімдеу, қашықтықты өзгерту шарттарына әсер етпейді, сондай-ақ Тіркеу жарнасының құқықтық сипаты мен Іс-шараға қатысу шарттарын өзгертпейді.
3.11. Ұйымдастырушы Іс-шараны алдын ала белгіленген қағидалар бойынша белгісіз тұлғалар тобы үшін ұйымдастырушылық, техникалық, спорттық және әкімшілік іс-қимылдардың бірыңғай кешені ретінде өткізеді.
3.12. Ұйымдастырушы Қатысушыдан жеке тапсырма қабылдамайды, Қатысушы үшін жеке нәтиже қалыптастырмайды, оның спорттық нәтижеге қол жеткізуіне кепілдік бермейді, Іс-шараны өткізу тәртібін жекелеген Қатысушының жеке жағдайларына бейімдемейді және Қатысушының іс жүзінде сөреге шығуын немесе қандай да бір нәтижеге қол жеткізуін қамтамасыз ету міндеттемесін қабылдамайды.
4. ОФЕРТАНЫ АКЦЕПТЕУ ЖӘНЕ ТІРКЕЛУ ТӘРТІБІ
4.1. Осы Офертаның Акцепті Қатысушының мынадай әрекеттерді ретімен орындауы арқылы жүзеге асырылады:
4.1.1. Ұйымдастырушының Сайтында және/немесе Жеке кабинетінде тіркеу нысанын толтыру;
4.1.2. Іс-шараны, қашықтықты және қатысудың өзге де параметрлерін таңдау;
4.1.3. тиісті белгі қою арқылы осы Офертамен және Іс-шараны өткізу туралы тиісті Ережемен танысқанын және келісетінін растау;
4.1.4. егер тіркеу нысанында осындай белгі көзделсе, қатысуды басқа күнге ауыстыру, қайта рәсімдеу, қашықтықты өзгерту шарттарымен танысқанын растау;
4.1.5. осы Офертада көзделген көлемде және мақсаттарда дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісім беру;
4.1.6. Тіркеу жарнасын төлеу.
4.2. Қатысушы осы Офертамен және Іс-шараны өткізу туралы Ережемен танысқанын әрі олардың талаптарымен келісетінін растамайынша, Тіркеу жарнасын төлеуге техникалық тұрғыдан көшу мүмкін емес.
4.3. Осы Офертаның акцепті Тіркеу жарнасы сәтті төленген кезде жасалған болып есептеледі. Төлем жасалғанға дейін тұлға тіркелуді аяқтамауға және осы Офертаның шарттарына қосылмауға құқылы.
4.4. Тіркеу жарнасы төленгеннен кейін Акцепт толық әрі сөзсіз болып табылады, ал Ұйымдастырушы мен Қатысушы арасындағы Қосылу шарты осы Офертаның және Іс-шараны өткізу туралы тиісті Ереженің талаптарына сәйкес жасалған болып есептеледі.
4.5. Қатысушыны тіркеу төлем жүйесі, банктік эквайринг жүйесі Тіркеу жарнасының сәтті төленгенін растағаннан және/немесе тиісті мәртебе Ұйымдастырушының есепке алу жүйесінде көрсетілгеннен кейін аяқталған болып есептеледі.
4.6. Тіркеу аяқталғаннан кейін тиісті Іс-шараға қатысушылардың белгіленген лимиті шегінде Қатысушы үшін слот резервтеледі.
4.7. Қатысушы тіркелу кезінде көрсетілген деректердің, оның ішінде тегінің, атының, туған күнінің, жынысының, азаматтығының, телефон нөмірінің, электрондық пошта мекенжайының, таңдалған Іс-шараның, қашықтықтың және өзге де мәліметтердің дұрыстығы мен толықтығы үшін жауапты болады.
4.8. Қате деректер көрсетілген, басқа тұлғаның атына тіркелген, Іс-шара немесе қашықтық қате таңдалған жағдайда Қатысушы Ұйымдастырушыға дереу жүгінуге міндетті. Деректерді өзгерту техникалық мүмкіндік болған жағдайда және Ұйымдастырушы белгілеген мерзімдерде ғана жүзеге асырылады.
4.9. Қатысушы қате мәліметтер ұсынған, осы Офертаның немесе Ереженің талаптарын бұзған, қатысуға қойылатын талаптарға сәйкес келмеген немесе Іс-шараның қауіпсіздігіне қауіп төндіретін әрекеттер жасаған жағдайда, Ұйымдастырушы тіркеуден бас тартуға, тіркеуді жоюға немесе қатысуға жіберуден бас тартуға құқылы.
5. ТІРКЕУ ЖАРНАСЫ ЖӘНЕ ТӨЛЕМДЕР
5.1. Ұйымдастырушы коммерциялық емес ұйым болып табылады және өзінің Жарғысы мен Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметін жүзеге асырады. Тіркеу жарналары Ұйымдастырушы тарапынан Іс-шараны дайындауға және өткізуге, тіркеуді ұйымдастыруға және қатысуға жіберуге, слоттарды резервтеуге, сөрелік материалдарды дайындауға, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, медициналық үйлестіруге, логистикаға, хронометражды жүргізуге, ақпараттық сүйемелдеуге және өзге де ұйымдастырушылық іс-шараларға, сондай-ақ Ұйымдастырушының бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын, спорт мәдениетін насихаттау саласындағы жарғылық мақсаттарын және өзге де жарғылық мақсаттарын іске асыруға пайдаланылады.
5.2. Ұйымдастырушы түскен Тіркеу жарналарының бір бөлігін, егер бұл Ұйымдастырушының Жарғысына және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келсе, әлеуметтік және қайырымдылық жобаларды қоса алғанда, жарғылық мақсаттарды іске асыруға бағыттауға құқылы.
5.3. Ұйымдастырушы Іс-шараны ұйымдастырушылық қамтамасыз етуді, оның ішінде Қатысушылар лимитін қалыптастыруды және бөлуді, слоттарды резервтеуді, тіркеу және сөрелік тізімдерді қалыптастыруды, сөрелік материалдарды дайындауды, сөре-мәре аймағын ұйымдастыруды, бағытты дайындауды, хронометражды жүргізуді, медициналық үйлестіруді, қауіпсіздікті, логистиканы, ақпараттық сүйемелдеуді және Іс-шараны дайындау мен өткізу үшін қажетті өзге де әрекеттерді жоспарлауды жүзеге асырады. Ұйымдастырушылық және дайындық әрекеттерін Ұйымдастырушы Іс-шараға тұтастай қатысты жүзеге асырады және олар нақты Қатысушының жеке тапсырмасын орындауға, нақты Қатысушының Тіркеу жарнасын төлеуіне немесе нақты Қатысушының Іс-шараға іс жүзінде қатысуына байланысты емес.
5.4. Тіркеу жарнасы Қатысушыны тіркеу және Іс-шараға қатысушылар жүйесіне енгізу, белгіленген лимит шегінде слотты резервтеу, Қатысушыны тіркеу және сөрелік тізімдерге енгізу, сөрелік материалдарды дайындау және осы Оферта мен тиісті Ереженің талаптары сақталған жағдайда Қатысушыны Іс-шараға қатысуға жіберуді ұйымдастыру үшін төленетін Қатысушының нысаналы тіркеу жарнасы болып табылады.
5.5. Тіркелу аяқталғаннан кейін слот тіркеудің бос слоттар санынан алынып тасталады. Осыған байланысты Ұйымдастырушы Іс-шараны тіркелген Қатысушының қатысу фактісін негізге ала отырып жоспарлауға құқылы.
5.6. Тіркеу жарнасын төлеуді Қатысушы Ұйымдастырушының Сайтына біріктірілген төлем жүйесі және/немесе банктік эквайринг арқылы жүзеге асырады.
5.7. Төлем жасалған сәт ретінде қолданылатын эквайринг технологиясына қарай төлем жүйесінен сәтті транзакцияның расталғаны туралы хабарламаның келіп түсуі және/немесе ақшалай қаражаттың Ұйымдастырушының пайдасына есепке алынуы есептеледі.
5.8. Банк картасымен төлеу кезінде ақшалай қаражат есептен шығарылып, бірақ Жеке кабинетте және/немесе Сайтта тіркеудің сәтті аяқталғаны туралы мәртебе көрсетілмеген жағдайда, Қатысушы ақылға қонымды мерзім ішінде Ұйымдастырушыға [info@almaty-marathon.kz] электрондық пошта мекенжайы арқылы жүгінуге, растайтын құжаттарды: чекті, түбіртекті, операция бойынша үзінді көшірмені, төлем күні мен уақытын, соманы, картаның соңғы 4 цифрын қоса беруге міндетті.
5.9. Ұйымдастырушы төлем жүйесінің деректері бойынша тексеру жүргізеді және Қатысушыға оның нәтижелері туралы хабарлайды. Тексеру аяқталғанға дейін Қатысушыға екі рет есептен шығаруды болдырмау үшін төлемді қайта жасаудан бас тарту ұсынылады.
5.10. Төлем жүйесі және/немесе Ұйымдастырушы растаған қосарланған есептен шығару, қосарланған төлем, төлем жасаудағы техникалық қате немесе тіркеу аяқталмай тұрып ақшалай қаражаттың қате есепке алынуы жағдайында Ұйымдастырушы артық төленген соманы төлем жасалған тәсілмен тиісті факт расталған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде қайтарады.
5.11. Ақшалай қаражаттың картаға нақты түсу мерзімі Қатысушының эмитент-банкі және/немесе төлем ұйымының қағидаларына байланысты болады.
5.12. Ұйымдастырушы төлем жүйелерінің, банктердің, байланыс желілерінің, процессингтің жұмысындағы ақауларға, сондай-ақ Қатысушының эмитент-банкінің әрекеттеріне, оның ішінде операцияны жүргізуден бас тартуға, бұғаттауға, лимиттерге, айырбастауға және комиссияларды ұстауға, егер мұндай жағдайлар Ұйымдастырушының кінәсінен туындамаса, жауапты болмайды.
5.13. Қатысушы Тіркеу жарнасын төлеу кезінде өзіне заңды түрде тиесілі төлем құралдарын пайдаланатынын және/немесе карта ұстаушысының келісімімен әрекет ететінін растайды.
5.14. Қатысушы қате төлем деректерін көрсетудің және/немесе тиісті өкілеттіктерсіз операция жасаудың салдары үшін жауапты болады.
5.15. Тіркелу кезінде қолжетімді болған жағдайда ілеспе тауарлар мен қосымша опцияларды сатып алу Тіркеу жарнасының құқықтық сипатын өзгертпейді және осы Оферта мен Ережеде белгіленген тіркелу, ауыстыру және қайта рәсімдеу талаптарына әсер етпейді.
5.16. Егер тіркеу нысанында Ұйымдастырушының жарғылық және қайырымдылық мақсаттарына жеке ерікті қайырымдылық жасау көзделсе, мұндай қайырымдылық Қатысушының дербес ерікті төлемі болып табылады және тіркелудің, слотты резервтеудің немесе Іс-шараға қатысуға жіберудің шарты болып табылмайды әрі Тіркеу жарнасының мөлшеріне қосылмайды.
6. ҚАТЫСУДЫ БАСҚА КҮНГЕ АУЫСТЫРУ, ҚАЙТА РӘСІМДЕУ ЖӘНЕ ҚАТЫСУДАН БАС ТАРТУ
6.1. Қатысушының Іс-шараға келмеуі оған берілген қатысу құқығын өз еркімен пайдаланбау болып есептеледі. Қатысушыға бекітілген слот Іс-шара аяқталғаннан кейін күшін жояды және Ұйымдастырушы өзгеше тікелей көздемесе, кейіннен пайдалануға, ауыстыруға, айырбастауға немесе өтемақы алуға жатпайды.
6.2. Қатысушының Іс-шараға қатысу мүмкіндігі болмаған немесе қатысқысы келмеген жағдайда Тіркеу жарнасының күші автоматты түрде жойылмайды. Ұйымдастырушы Қатысушыға қатысуды Ұйымдастырушының басқа Іс-шарасына ауыстыруға, қашықтықты өзгертуге немесе слотты басқа тұлғаның атына қайта рәсімдеуге мүмкіндік бере алады. Бұл әрекеттер осы Офертада және Іс-шараны өткізу туралы тиісті Ережеде белгіленген тәртіппен, мерзімдерде және талаптармен жүзеге асырылады.
6.3. Слотты қайта рәсімдеуге, қашықтықты өзгертуге және қатысуды басқа күнге ауыстыруға техникалық мүмкіндік болғанда, бос слоттар болғанда, Ережеде белгіленген мерзімдер сақталғанда және сөрелік тізімдер түпкілікті қалыптастырылғанға және/немесе дербестендірілген сөрелік материалдар дайындалғанға дейін ғана рұқсат етіледі.
6.4. Ұйымдастырушы нақты Іс-шара үшін өзгеше тікелей белгілемесе, слотты қайта рәсімдеуге, қашықтықты өзгертуге немесе қатысуды басқа күнге ауыстыруға бір реттен артық жол берілмейді.
6.5. Слотты қайта рәсімдеу, қашықтықты өзгерту немесе қатысуды басқа күнге ауыстыру Ұйымдастырушының өтінішті өңдеуге, тіркеу деректерін өзгертуге, бұрын берілген слоттың және/немесе сөрелік нөмірдің күшін жоюға, жаңа қатысушыны немесе жаңа тіркеуді Ұйымдастырушының есепке алу жүйелеріне енгізуге байланысты шығындары ескеріле отырып жүзеге асырылады.
6.6. Қатысушы толық әрі дұрыс мәліметтерді ұсынуға жауапты болады.
6.7. Іс-шараға қатысудан бас тарту Қатысушының құқығы болып табылады. Бұл ретте Қатысушының өзіне байланысты себептер бойынша, оның ішінде жоспарларының өзгеруіне, Іс-шараны немесе қашықтықты қате таңдауына, өзін жайсыз сезінуіне, ауруына немесе ресми медициналық қорытындымен расталмаған медициналық қарсы көрсетілімдерге, отбасылық, жеке, оқу, көлік және Қатысушы тарапынан туындаған өзге де мән-жайларға байланысты Іс-шараға қатысудан бас тартуы Ұйымдастырушы тарапынан жасалған бұзушылық болып табылмайды және Тіркеу жарнасын қайтаруға сөзсіз құқық туындатпайды.
6.8. Қатысушы осы Офертада және Іс-шараны өткізу жөніндегі тиісті Ережеде белгіленген тәртіппен Тіркеу жарнасын қайтару туралы өтінішпен жүгінуге құқылы. Осы Офертаның 6.13-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, Тіркеу жарнасын қайтару туралы әрбір өтініш Ұйымдастырушы тарапынан жүгіну күні, қатысудан бас тарту себебі, Іс-шараны дайындау және өткізу кезеңі, сондай-ақ нақты жағдайдың өзге де мән-жайлары ескеріле отырып, жеке қаралады.
6.9. Өтінішті қарау нәтижелері бойынша осы Офертаның 6.13-тармағында көзделмеген жағдайларда Ұйымдастырушы осы Офертаның, тиісті Ереженің талаптары мен Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды ескере отырып, Тіркеу жарнасын толық немесе ішінара қайтару туралы не оны қайтарудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.
6.10. Ішінара қайтару туралы шешім қабылданған жағдайда Ұйымдастырушы Іс-шараны ұйымдастыруға және дайындауға байланысты шығындарды өтеу үшін төленген Тіркеу жарнасының 50%-ына дейінгі мөлшерін ұстап қалуға құқылы.
6.11. Осы Офертаны акцептей отырып, Қатысушы Тіркеу жарнасын төлеуге дейін ақшалай қаражатты қайтару талаптарымен танысқанын, нақты жағдайға қарай оның толық немесе ішінара қайтарылуы не қайтарылмауы мүмкін екенін түсінетінін және қабылдайтынын растайды.
6.12. Тіркеу жарнасын қайтару туралы өтініште Қатысушыны және оның тіркелуін сәйкестендіруге мүмкіндік беретін мәліметтер, төлем туралы мәліметтер, өтініш беру себебі, сондай-ақ қажет болған жағдайда өтініште көрсетілген мән-жайларды растайтын құжаттар қамтылуға тиіс. Қосымша құжаттардың тізбесін Ұйымдастырушы өтініштің нақты мән-жайларын ескере отырып айқындайды.
6.13. Төленген Тіркеу жарнасының 100%-ы мынадай жағдайларда қайтарылады: Іс-шараға қатысу мүмкін еместігі Қатысушының қатысуына объективті түрде кедергі келтіретін мән-жайларға байланысты болғанда, оның ішінде:
6.13.1. Қатысушының жақын туысының не жұбайының қайтыс болуы, бұл ретте қайтыс болғаны туралы куәлікпен және туыстық немесе отбасылық байланысты растайтын құжаттармен расталған жағдайда;
6.13.2. Іс-шара өткізілетін күнге дейін берілген, жүгіру іс-шарасына, жүгіруге немесе өзге де физикалық белсенділігіне қатысу мүмкіндігін тікелей жоққа шығаратын диагнозды және/немесе медициналық қарсы көрсетілімді қамтитын емдеуші дәрігердің ресми медициналық қорытындысы болған жағдайда;
6.13.3. Қатысушының қызметтік іссапарға жіберілуі, бұл жұмыс берушінің хаты немесе іссапарға жіберу туралы бұйрықпен не Қатысушының Іс-шара өткізілетін күні оған қатыса алмайтынын растайтын жұмыс берушінің өзге де ресми құжатымен расталған жағдайда;
6.13.4. Осы Офертаның 6.8–6.10-тармақтарының ережелері осы 6.13-тармақта көзделген жағдайларға қолданылмайды.
6.13.5. Банк немесе төлем жүйесі Ұйымдастырушыға қайтармаған банктік комиссиялар, төлем жүйелерінің комиссиялары, айырбастау үшін алынатын комиссиялар, эмитент-банк ұстап қалған сомалар және өзге де төлем шығындары Қатысушыға өтелмейді әрі Ұйымдастырушының нақты шеккен шығындарының құрамында есепке алынуы мүмкін.
6.14. Іс-шара өткізілетін күнге дейінгі 1 (бір) күнтізбелік күн ішінде және одан кейін келіп түскен Тіркеу жарнасын қайтару туралы өтініштер жоғарыда көрсетілген жағдайларды (6.13.1–6.13.3-тармақтар) қоспағанда, қаралмайды.
7. ҚАТЫСУ ТАЛАПТАРЫ, ҚАТЫСУШЫНЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫ ЖӘНЕ ҚАУІПСІЗДІГІ
7.1. Осы Офертаның талаптарын қабылдай отырып, Қатысушы Іс-шара барысында басқа қатысушыларға, Ұйымдастырушыға, оның қызметкерлеріне, серіктестеріне, демеушілеріне, мердігерлеріне, еріктілерге, бөгде тұлғаларға, сондай-ақ олардың мүлкіне зиян келтіруі мүмкін жағдайларды еш уақытта және ешқандай жағдайда қасақана туғызбайтынын растайды.
7.2. Қатысушы осы Офертаны, Іс-шараны өткізу туралы Ережені, қауіпсіздік қағидаларын, Ұйымдастырушының, төрешілердің, медицина қызметкерлерінің, еріктілердің, полицияның және өзге де уәкілетті тұлғалардың нұсқауларын сақтауға міндетті.
7.3. Қатысушы өзінің денсаулық жағдайын, физикалық дайындығын және Іс-шараға қатысу мүмкіндігін өз бетінше бағалайды. Іс-шараға қатысу мүмкіндігіне қатысты күмән, созылмалы аурулар, өзге де жағдайлар немесе тәуекел факторлары болғанда, Қатысушыға Іс-шараға қатыспас бұрын медициналық маманнан кеңес алу ұсынылады. Ұйымдастырушы Қатысушыларды медициналық тексеруден өткізбейді және олардың Іс-шараға қатысуына медициналық қарсы көрсетілімдердің бар-жоғын анықтамайды.
7.4. Осы Офертаны акцептей отырып, Қатысушы өзінің денсаулық жағдайы мен физикалық дайындығын өз бетінше бағалағанын және Іс-шараның сипаты мен болжамды физикалық жүктемесін ескере отырып, Іс-шараға қатысу туралы шешімді өз бетінше және өз тәуекелімен қабылдайтынын растайды.
7.5. Осы Офертаның талаптарын қабылдай отырып, Қатысушы:
7.5.1. Іс-шара өткізілетін күнге дейін және/немесе сол күні денсаулық жағдайы нашарлаған жағдайда Іс-шараға қатыспауға міндеттенеді;
7.5.2. Іс-шараға қатысу физикалық жүктемемен және денсаулыққа төнетін тәуекелдермен байланысты екенін түсінеді. Өз денсаулығының жай-күйі, физикалық дайындығы және қауіпсіздік талаптарын сақтау үшін Қатысушының өзі жауапты болады;
7.5.3. егер өмірі мен денсаулығына зиян, жарақаттар, аурулар, өзін жайсыз сезіну, мүлкінің жоғалуы немесе бүлінуі Қатысушының денсаулық жағдайына, физиологиялық ерекшеліктеріне, жасырын ауруларына, физикалық дайындығының жеткіліксіздігіне, қатысуға кедергі келтіретін өзіне белгілі мән-жайларға қарамастан Іс-шараға қатысу туралы өз бетінше қабылдаған шешіміне, қауіпсіздік талаптарын, Ұйымдастырушының, төрешілердің, медицина қызметкерлерінің, полицияның, еріктілердің немесе уәкілетті тұлғалардың нұсқауларын сақтамауына, сондай-ақ Қатысушының өзінің немесе үшінші тұлғалардың әрекеттеріне байланысты туындаса, Ұйымдастырушының жауапты болмайтынын растайды;
7.5.4. қажет болған жағдайда оған алғашқы медициналық көмек көрсетілуіне қарсылық білдірмейтінін растайды;
7.5.5. осы жауапкершілікті шектеу талаптары заңда белгіленген тәртіппен анықталған Ұйымдастырушының кінәлі әрекеттері немесе әрекетсіздігі салдарынан зиян келтірілген жағдайларда қолданылмайтынын түсінеді;
7.5.6. Іс-шараның күрделілігін түсінеді және мәлімделген қашықтықты өту үшін техникалық білімі мен тәжірибесі жеткілікті екенін, сондай-ақ Іс-шараға қатысуға физикалық және психологиялық тұрғыдан дайын екенін растайды.
7.6. Қатысушы Іс-шараға дейін және/немесе оның барысында жүрек-қантамыр жүйесіне, жүйке жүйесіне және/немесе ағзаның жалпы жағдайына әсер ететін кез келген стимуляторларды, энергетикалық сусындарды, дәрілік препараттарды, биологиялық белсенді қоспаларды және өзге де заттарды тұтынуға тікелей немесе жанама байланысты денсаулыққа келетін кез келген салдар үшін өзі жауапты болатынын растайды.
7.7. Қатысушы сөрелік нөмірді, электрондық чипті және өзге де сәйкестендіргіштерді тек жеке өзі және Ережеде белгіленген тәртіппен пайдалануға міндетті.
7.8. Ұйымдастырушының келісімінсіз слотты, сөрелік нөмірді, электрондық чипті немесе өзге де сәйкестендіргіштерді үшінші тұлғаға беруге тыйым салынады.
7.9. Қатысушы слотты, сөрелік нөмірді, электрондық чипті немесе өзге де сәйкестендіргіштерді Ұйымдастырушының келісімінсіз үшінші тұлғаға берген жағдайда, Ұйымдастырушы тіркеудің күшін жоюға, қатысуға рұқсат бермеуге, тиісті тұлғаларды жарыстан шеттетуге және Ережеде көзделген өзге де шараларды қолдануға құқылы. Көрсетілген жағдайда Тіркеу жарнасы қайтарылмайды, өйткені бұзушылық Қатысушы тарапынан жiберiлген.
8. СӨРЕЛІК МАТЕРИАЛДАР
8.1. Сөрелік материалдардың құрамы әрбір Іс-шара үшін Ұйымдастырушы тарапынан дербес айқындалады және Іс-шараның форматына, қашықтыққа, қатысу санатына және өзге де талаптарға қарай ерекшеленуі мүмкін.
8.2. Сөрелік материалдар Қатысушыға Іс-шараны өткізу туралы Ережеде және/немесе Ұйымдастырушының Ақпараттық көздерінде белгіленген тәртіппен, орында және мерзімдерде беріледі.
8.3. Сөрелік материалдарды алу үшін Қатысушы тиісті Іс-шараны өткізу туралы Ережеде көзделген құжаттарды және/немесе мәліметтерді ұсынуға міндетті.
8.4. Қатысушының сөрелік материалдарды алуы ұйымдастырушылық қамтамасыз етудің елеулі бөлігінің іс жүзінде пайдаланылғанын растайды.
8.5. Қатысушы алынған сөрелік материалдардың сақталуына жауапты болады. Сөрелік материалдарды жоғалтуға, бүлдіруге, Ұйымдастырушының келісімінсіз үшінші тұлғаларға беруге немесе оларды басқа тұлғаның пайдалануына жол берілмейді.
9. ТҮСІРІЛІМ МАТЕРИАЛДАРЫ, ҚАТЫСУШЫНЫҢ БЕЙНЕСІ ЖӘНЕ ДЕРБЕС ДЕРЕКТЕРІ
9.1. Қатысушының бейнесін пайдалану
9.1.1. Іс-шараны дайындау, өткізу және жария ету барысында Ұйымдастырушы және/немесе ол тартқан тұлғалар Іс-шараны фотоға, бейнеге және өзге де тәсілдермен тіркеуді, оның ішінде Қатысушының бейнесін түсіруді жүзеге асыруы мүмкін.
9.1.2. Тараптар осы бөлімнің ережелері Қатысушы мен Ұйымдастырушы арасында Қатысушының бейнесін пайдалануға қатысты жеке келісім болып табылатынын, осы Оферта шеңберінде жасалатынын және оның ажырамас бөлігі екенін келіседі әрі растайды. Осы Офертаны акцептеу арқылы Қатысушы аталған келісімді бір мезгілде жасайды және осы бөлімнің талаптарына сәйкес өзінің бейнесін пайдалануға Ұйымдастырушыға келісім береді.
9.1.3. Қатысушы кәмелетке толмаған тұлға болған жағдайда, аталған келісімді оның мүддесі үшін әрекет ететін және қажетті өкілеттіктері бар екенін растайтын ата-анасы немесе өзге де заңды өкілі жасайды әрі тиісті келісімді береді.
9.1.4. Қатысушы Іс-шараны дайындау, өткізу және жария ету барысында түсірілген өзінің бейнесін Ұйымдастырушының өтеусіз пайдалануына келісім береді. Бұған Іс-шараға және Ұйымдастырушының жарғылық мақсаттары шеңберіндегі қызметіне байланысты фото-, бейне-, ақпараттық, таныстырылымдық және жарнамалық материалдарда пайдалану кіреді.
9.1.5. Ұйымдастырушы Қатысушының бейнесі бар материалдарды жариялауға, көшірмелеуге, таратуға, көпшілікке көрсетуге және орналастыруға, оның ішінде Интернет желісінде, ресми ақпараттық ресурстарда, әлеуметтік желілерде, бұқаралық ақпарат құралдарында, таныстырылымдық, ақпараттық және жарнамалық материалдарда пайдалануға, сондай-ақ мұндай материалдарды мұрағаттық мақсаттарда сақтауға құқылы.
9.1.6. Ұйымдастырушы Қатысушының бейнесі бар материалдарды техникалық өңдеуге, редакциялауға, кадрлауға және монтаждауға құқылы. Бұл әрекеттер Қатысушының бейнесін бұрмаламауға және оның ар-намысына, қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәнмәтінде жүзеге асырылмауға тиіс.
9.1.7. Ұйымдастырушы осы Офертада көзделген мақсаттарда Қатысушының бейнесі бар материалдарға үшінші тұлғалардың қол жеткізуіне мүмкіндік беруге және оларға мұндай материалдарды өңдеуді, дайындауды, орналастыруды және таратуды тапсыруға құқылы. Бұған фотографтарды, бейнеоператорларды және өзге де мердігерлерді тарту кіреді.
9.1.8. Бейнені пайдалануға келісім аумақ пен мерзім бойынша шектеусіз, ақысыз негізде беріледі. Егер Ұйымдастырушымен жасалған жеке жазбаша келісімде өзгеше тікелей көзделмесе, Қатысушы өзінің бейнесін пайдалануға байланысты сыйақы немесе өтемақы алу құқығына ие болмайды.
9.1.9. Қатысушы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен бейнені пайдалануға берген келісімін қайтарып алуға құқылы. Келісімді қайтарып алу Ұйымдастырушы оған дейін жүзеге асырған бейнені пайдаланудың заңдылығына әсер етпейді және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес одан әрі сақталуына рұқсат етілетін немесе Ұйымдастырушының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін қажетті материалдарды жою міндетін туындатпайды.
9.2. Дербес деректер.
9.2.1. Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасына сәйкес Қатысушы Ұйымдастырушыға осы Офертада, Іс-шараны өткізу туралы Ережеде және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген көлемде және мақсаттарда өзінің дербес деректерін жинауға және өңдеуге келісім береді.
9.2.2. Қатысушы кәмелетке толмаған тұлға болған жағдайда, оның дербес деректерін жинауға және өңдеуге келісімді кәмелетке толмаған тұлғаның мүддесі үшін әрекет ететін және қажетті өкілеттіктері бар екенін растайтын ата-анасы немесе өзге де заңды өкілі береді.
9.2.3. Дербес деректер Қатысушыны тіркеу және сәйкестендіру, Іс-шараны ұйымдастыру және өткізу, тіркеу және сөрелік тізімдерді қалыптастыру, қатысуға рұқсат беруді қамтамасыз ету, хронометражды жүргізу және нәтижелерді есепке алу, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, медициналық үйлестіру, Қатысушыны ақпараттандыру, өтініштерді қарау, Ұйымдастырушының міндеттемелерін орындау және Іс-шараға тікелей байланысты өзге де әрекеттерді жүзеге асыру мақсатында өңделеді.
9.2.4. Көрсетілген мақсаттар үшін мынадай дербес деректер өңделуі мүмкін: тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда), туған күні, телефон нөмірі, электрондық пошта мекенжайы, тіркеу және/немесе сөрелік нөмірі, таңдалған қашықтық пен қатысу санаты туралы мәліметтер, Іс-шараға қатысуға рұқсат беру туралы мәліметтер, спорттық нәтиже, қашықтықты өту уақыты, қорытынды хаттамадағы орны және көрсетілген мақсаттарға жету үшін қажетті, заңнамада көзделген негіздер болған кезде Қатысушы ұсынған өзге де мәліметтер.
9.2.5. Дербес деректерді өңдеу осы Офертада, Іс-шараны өткізу туралы Ережеде және Қазақстан Республикасының заңнамасында көрсетілген нақты әрі заңды мақсаттарға жету үшін қажетті көлемде жүзеге асырылады.
9.2.6. Ұйымдастырушы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген деректерді беру негіздері болған жағдайда, Іс-шараны ұйымдастыру және өткізу үшін қажетті көлемде Қатысушының дербес деректерін үшінші тұлғаларға беруге құқылы. Оларға мердігерлер, ақпараттық жүйелер операторлары, төлем ұйымдары, тіркеуді, хронометражды жүргізуді, техникалық сүйемелдеуді, қауіпсіздікті қамтамасыз етуді, медициналық және Іс-шараны өзге де ұйымдастырушылық сүйемелдеуді жүзеге асыратын тұлғалар жатады.
9.2.7. Қатысушы Іс-шара форматы көздеген жағдайда, өзінің қатысу нәтижелері туралы мәліметтерді ашық дереккөздерде жариялауға келісім береді. Бұған тегі, аты, сөрелік нөмірі, қашықтығы, қашықтықты өту уақыты және иеленген орны кіреді.
9.2.8. Қатысушы өзінің дербес деректерін өңдеу туралы ақпарат алуға, оларды нақтылауды және өзгертуді талап етуге, келісімін қайтарып алуға және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтарын жүзеге асыруға құқылы. Келісімді қайтарып алу Ұйымдастырушы оған дейін жүзеге асырған өңдеудің заңдылығына әсер етпейді және Қазақстан Республикасының заңнамасы рұқсат ететін немесе талап ететін не заңда көзделген өзге негіз бойынша жүзеге асырылатын өңдеуді тоқтату міндетін туындатпайды.
9.2.9. Дербес деректерді өңдеу және сақтау мерзімі оларды жинау мен өңдеу мақсаттарына жету үшін қажетті мерзіммен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тиісті мәліметтер мен құжаттарды сақтау мерзімдерімен айқындалады.
9.2.10. Қазақстан Республикасының заңнамасы дербес деректерді өңдеудің, берудің немесе таратудың жекелеген түрлері үшін жеке келісім алуды талап ететін жағдайларда, мұндай келісім заңнамада белгіленген нысанда бөлек беріледі.
9.3. Дербес деректерді трансшекаралық беру.
9.3.1. Ұйымдастырушы дербес деректерді Қазақстан Республикасынан тыс жерде өңдеуді көздейтін ақпараттық жүйелерді, бағдарламалық жасақтаманы, бұлттық сервистерді, платформаларды немесе мердігерлерді пайдаланған жағдайда, мұндай трансшекаралық беру Қазақстан Республикасының заңнамасында рұқсат етілген жағдайларда, тәртіппен және көлемде, егер мұндай келісім Қазақстан Республикасының заңнамасында талап етілсе, Қатысушының жеке келісімін ала отырып жүзеге асырылады.
9.4. Ақпараттық хабарламалар.
9.4.1. Қатысушы Ұйымдастырушыдан және/немесе ол уәкілеттік берген тұлғалардан тіркелуге, Іс-шараға қатысуға және қатысуға рұқсат алуға, сөрелік материалдарды беруге, Іс-шараны өткізу тәртібіндегі өзгерістерге, қатысу нәтижелеріне және Іс-шараға тікелей байланысты өзге де ақпаратқа қатысты қажетті SMS-хабарламаларды, электрондық хаттарды, push-хабарламаларды және өзге де ақпараттық хабарламаларды алуға келіседі.
9.4.2. Осы Офертаның 9.4.1-тармағында көзделген хабарламалар осы Офертаны орындауға байланысты ақпараттық хабарламалар болып табылады және Қатысушының бөлек келісімінде өзгеше тікелей көзделмесе, жарнамалық немесе маркетингтік хабарламаларды алуға берілген келісім болып саналмайды.
10. ТАРАПТАРДЫҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ. ҰЙЫМДАСТЫРУШЫҒА БАЙЛАНЫСТЫ ЕМЕС МӘН-ЖАЙЛАР
10.1 Осы Оферта мен оны акцептеу арқылы жасалған қосылу шарты бойынша міндеттемелерді орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін Тараптар осы Офертаның талаптарына және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жауапты болады.
10.2. Ұйымдастырушы, оның қызметкерлері және/немесе ол тартқан үшінші тұлғалар Қатысушының өмірі мен денсаулығына келтірілген зиян, сондай-ақ өткізілетін Іс-шара шеңберінде Қатысушыға келтірілген кез келген залал, бүліну немесе нұқсан үшін, егер мұндай салдар Қатысушының Іс-шараны өткізу туралы Ережені, қауіпсіздік талаптарын, Ұйымдастырушының, төрешілердің, медицина қызметкерлерінің, еріктілердің, полицияның және өзге де уәкілетті тұлғалардың нұсқауларын сақтамауынан, Қатысушының өзінің немесе үшінші тұлғалардың әрекеттерінен не әрекетсіздігінен, сондай-ақ Қатысушының денсаулық жағдайынан, физиологиялық ерекшеліктерінен, жасырын ауруларынан немесе физикалық дайындығының жеткіліксіздігінен туындаса, жауапты болмайды. Ұйымдастырушы Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе нақты Іс-шараға қатысуға рұқсат беру талаптарында тікелей көзделген жағдайларды қоспағанда, Қатысушыларды медициналық тексеруден өткізбейді және олардың денсаулық жағдайы туралы ақпарат сұратпайды.
10.3. Қатысушы денсаулық жағдайына, физиологиялық ерекшеліктеріне, жасырын ауруларына және/немесе физикалық дайындығының жеткіліксіздігіне байланысты жағымсыз салдарлардың туындау тәуекелдерін өз бетінше қабылдайды әрі алғашқы көмек көрсету немесе шұғыл шаралар қабылдау мұндай салдардың алдын алуға кепілдік бермейтінін түсінеді.
10.4. Қатысушы Іс-шараға дейін және/немесе оның барысында жүрек-қантамыр жүйесіне, жүйке жүйесіне және/немесе ағзаның жалпы жағдайына әсер ететін кез келген стимуляторларды, энергетикалық сусындарды, дәрілік препараттарды, биологиялық белсенді қоспаларды және өзге де заттарды тұтынуға тікелей немесе жанама байланысты денсаулыққа келетін кез келген салдар үшін өзі жауапты болатынын растайды.
10.5. Осы Офертада көрсетілген Ұйымдастырушы жауапкершілігінің шектеулері заңда белгіленген тәртіппен анықталған Ұйымдастырушының кінәлі әрекеттері немесе әрекетсіздігі салдарынан зиян келтірілген жағдайларда қолданылмайды.
10.6. Ұйымдастырушы, оның қызметкерлері және/немесе ол тартқан үшінші тұлғалар Қатысушының жеке мүлкінің жоғалғаны, зақымданғаны немесе ұрланғаны үшін, егер мұндай мүлік Ұйымдастырушының жауапты сақтауына жеке жазбаша құжат бойынша қабылданбаса, жауапты болмайды.
10.7. Қатысушы осы Офертаны, Ережені, қауіпсіздік талаптарын немесе уәкілетті тұлғалардың нұсқауларын бұзу салдарынан Ұйымдастырушыға, басқа қатысушыларға, Іс-шара серіктестеріне, үшінші тұлғаларға немесе олардың мүлкіне келтірілген зиян үшін жауапты болады.
10.8. Егер осы Оферта және оны акцептеу арқылы жасалған қосылу шарты бойынша міндеттемелердің ішінара немесе толық орындалмауы, оның ішінде Іс-шараны ауыстыру, форматын өзгерту немесе оны тоқтату Ұйымдастырушыға байланысты емес мән-жайлардың салдарынан туындаса, Ұйымдастырушы жауапкершіліктен босатылады.
10.9. Ұйымдастырушыға байланысты емес мән-жайларға, оның ішінде табиғи апаттар, жер сілкінісі, су тасқыны, дауыл, өрт, жел жылдамдығының секундына 15 метрден асуы, Казгидромет және/немесе өзге де құзыретті органдардың ресми дауылды ескертулерімен немесе хабарламаларымен расталған қолайсыз ауа райы жағдайлары, жаппай аурулар, эпидемиялар, пандемиялар, карантиндік және санитариялық шектеулер, әскери іс-қимылдар, қақтығыстар, азаматтық толқулар, террористік актілер, диверсиялар, тасымалдарға қойылған шектеулер, мемлекеттер енгізген тыйым салу шаралары, мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың, полиция, азаматтық қорғау, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдарының актілері, әрекеттері, әрекетсіздігі, тыйымдары, шектеулері, нұсқамалары немесе талаптары, көшелерді жабуға, бағытты өзгертуге, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қойылған шектеулер немесе олардың мүмкін болмауы, сондай-ақ Ұйымдастырушы ақылға қонымды түрде болжай алмаған және алдын ала алмаған өзге де мән-жайлар жатады.
10.10. Осы Офертаның 10.9-тармағында көрсетілген мән-жайлар туындаған немесе туындау қаупі болған және соның салдарынан Іс-шара ауыстырылуға, форматы өзгертілуге немесе тоқтатылуға тиіс болған жағдайда, бұл туралы ақпарат Ұйымдастырушының Ақпараттық көздерінде орналастырылады және/немесе Қатысушыға тіркелу кезінде көрсеткен байланыс деректері бойынша SMS-хабарлама, электрондық пошта, push-хабарлама немесе өзге тәсілмен Іс-шара өткізілетін күнге дейін 1 күнтізбелік күннен кешіктірмей жіберіледі.
10.11. Осы Офертаның 10.9-тармағында көрсетілген мән-жайлар туындаған жағдайда, Тараптардың міндеттемелерін орындау мерзімі осы мән-жайлар мен олардың салдары әрекет ететін кезеңге ұзартылады, ал Қатысушының тіркеуін және Тіркеу жарнасын Ұйымдастырушы Іс-шараның жаңа күніне немесе Ұйымдастырушының ұқсас Іс-шарасына ауыстырады.
10.12. Іс-шараны өткізудің нақты жаңа күнін Ұйымдастырушы өзінің Ақпараттық көздерінде ақпарат орналастыру арқылы қосымша хабарлайды.
10.13. Жаңа күні немесе өзгертілген форматта Іс-шараға қатысу мүмкіндігі жоқ Қатысушы қатысуды басқа күнге ауыстыру немесе слотты қайта рәсімдеу туралы Ұйымдастырушы жариялаған тәртіппен және мерзімдерде өтініш беруге құқылы.
10.14. Ұйымдастырушыға байланысты емес мән-жайларға орай Іс-шара ауыстырылған немесе өзгертілген жағдайда, Тіркеу жарнасын қайтару мәселесін Ұйымдастырушы нақты жағдайдың мән-жайларын және Іс-шараны дайындауға әрі өткізуге байланысты нақты шеккен шығындарды ескере отырып, жеке қарайды.
10.15. Осы Офертаның 10.9-тармағында көрсетілген мән-жайлардың әрекет еткенін растайтын тиісті құжаттар, шешімдер, хабарламалар, нұсқамалар, ескертулер, хаттар немесе өзге де мәліметтер, оның ішінде уәкілетті мемлекеттік органдардан, жергілікті атқарушы органдардан, полиция, азаматтық қорғау, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдарынан, Казгидрометтен және Қазақстан Республикасының өзге де құзыретті органдары мен ұйымдарынан алынған ақпарат тиісті дәлелдеме болып табылады.
10.16. Егер осы Офертаның 10.9-тармағында көрсетілген мән-жайлар 8 (сегіз) айдан астам уақыт бойы әрекет етсе және олардың немесе салдарының жалғасуына байланысты Іс-шараның жаңа күнін белгілеу мүмкін болмаса, Ұйымдастырушы Қатысушының тіркеуі мен Тіркеу жарнасын сол Іс-шараға немесе келесі күнтізбелік жылдың ұқсас Іс-шарасына ауыстыруға құқылы. Келесі күнтізбелік жылы Іс-шараға қатысу мүмкіндігі жоқ Қатысушы ақшалай қаражатты қайтару туралы өтініш бере алады. Мұндай өтініш Ұйымдастырушының нақты шеккен шығындарын ескере отырып қаралады.
10.17. Егер Іс-шара Ұйымдастырушының бастамасымен, Ұйымдастырушыға байланысты емес мән-жайларсыз, жаңа күн белгіленбестен және Қатысушыға қатысуды ұқсас Іс-шараға ауыстыру мүмкіндігі берілместен тоқтатылса, Ұйымдастырушы Тіркеу жарнасын өзі жариялаған тәртіппен қайтарады. Бұл ретте төлем жүйесі немесе банк қайтармайтын нақты ұсталған банктік және төлем комиссиялары алып тасталады.
10.18. Ұйымдастырушы Сайтқа және/немесе Жеке кабинетке уақытша қол жеткізу мүмкін болмауына, төлем және/немесе тіркеу мәртебелерінің кешігіп көрсетілуіне, хостинг-провайдерлердің, төлем жүйелерінің, банктік эквайрингтің, байланыс операторларының, интернет-провайдерлердің жұмысындағы ақаулар салдарынан туындаған деректерді беру қателеріне, сондай-ақ Ұйымдастырушыға байланысты емес өзге де мән-жайларға жауапты болмайды.
11. ҚАТЫСУШЫНЫ ХАБАРДАР ЕТУ
11.1. Ұйымдастырушы Қатысушыларға өзінің Ақпараттық көздерінде ақпаратты орналастыру арқылы хабарлайды.
11.2. Қатысушы Іс-шара туралы өзекті ақпаратты, оның ішінде күнін, уақытын, орнын, бағытын, сөрелік материалдарды беру тәртібін, қатысуға рұқсат беру талаптарын, өзгерістер мен Ұйымдастырушының хабарландыруларын өз бетінше қадағалауға міндетті.
11.3. Ұйымдастырушы Қатысушы тіркелу кезінде көрсеткен телефон нөміріне, электрондық пошта мекенжайына немесе Жеке кабинетіне жіберген хабарламалар тиісті түрде жіберілген болып есептеледі.
11.4. Қатысушы телефон нөмірін немесе электрондық пошта мекенжайын қате көрсеткен, хабарламалар бұғатталған, байланыс желілерінде техникалық іркілістер туындаған, хабарландырулар өшірілген, Интернет желісіне қолжетімділік болмаған немесе Ұйымдастырушыға байланысты емес өзге де мән-жайлар салдарынан ақпаратты алмағаны үшін Ұйымдастырушы жауапты болмайды.
12. ДАУЛАРДЫ ШЕШУ
12.1. Осы Офертаға және оны акцептеу арқылы жасалған қосылу шартына Қазақстан Республикасының құқығы қолданылады.
12.2. Осы Офертада реттелмеген мәселелер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шешіледі.
12.3. Осы Оферта мен қосылу шарты шеңберінде туындаған барлық келіспеушіліктер мен дауларды Тараптар келіссөздер жүргізу және жазбаша өтініштермен алмасу арқылы реттеуге ұмтылады.
12.4. Қатысушы Ұйымдастырушыға info@almaty-marathon.kz электрондық пошта мекенжайы немесе Ұйымдастырушының Ақпараттық көздерінде көрсетілген өзге де мекенжай бойынша өтініш жіберуге құқылы.
12.5. Ұйымдастырушы Қатысушының өтінішін, егер өзге мерзім міндетті болып табылмаса, Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе Ұйымдастырушының ішкі қағидаларында белгіленген мерзімде қарайды.
12.6. Келісімге қол жеткізілмеген жағдайда дау Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шешіледі.
12.7. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзге міндетті соттылық немесе Қатысушының сотты таңдау құқығы белгіленбесе, дау Ұйымдастырушының орналасқан жері бойынша қаралады.
13. ОФЕРТАНЫҢ ҚОЛДАНЫЛУ МЕРЗІМІ ЖӘНЕ ОНЫ ӨЗГЕРТУ
13.1. Осы Оферта Ұйымдастырушының Сайтында орналастырылған сәттен бастап күшіне енеді және кері қайтарып алынғанға немесе жаңа редакциямен ауыстырылғанға дейін қолданылады.
13.2. Ұйымдастырушы мен Қатысушы арасындағы қосылу шарты Қатысушы осы Офертаны акцептеген сәттен бастап жасалған болып есептеледі және Тараптар өз міндеттемелерін толық орындағанға дейін немесе осы Офертада және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негіздер бойынша тоқтатылғанға дейін қолданылады.
13.3. Осы Оферта ашық әрі жалпыға қолжетімді құжат болып табылады және Ұйымдастырушының Сайтында оның жаңа редакциясын жариялау арқылы өзгертілуі мүмкін.
13.4. Ұйымдастырушының Сайтында жарияланған осы Офертаның редакциясы қолданыстағы редакция болып табылады және егер Қазақстан Республикасының заңнамасында, Офертаның өзінде немесе осы Офертаның 13.5-тармағында өзгеше тікелей белгіленбесе, жарияланған сәттен бастап қолданылады.
13.5. Тіркелген Қатысушымен туындайтын қатынастарға, егер бұл заңнама талаптарына, мемлекеттік органдардың шешімдеріне, қауіпсіздік талаптарына, Іс-шараның күні, орны, бағыты немесе форматының өзгеруіне не Ұйымдастырушыға байланысты емес мән-жайларға байланысты болмаса, Қатысушы тіркелген күні қолданыста болған Офертаның және Ереженің редакциясына басымдық беріледі.
13.6. Қатысушы осы Офертаның және Ереженің қолданыстағы редакциясын Ұйымдастырушының Сайтында өз бетінше қадағалауға міндетті.
13.7. Осы Оферта және тиісті Іс-шараны өткізу туралы Ереже тіркелу мен қатысудың бірыңғай талаптар кешенін құрайды және бірлесіп қолданылады.
13.8. Осы Оферта мен Ереже арасында қайшылық болған жағдайда, егер осы Офертада немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше тікелей көзделмесе, тиісті Іс-шара үшін бекітілген Ереженің арнайы талаптары қолданылады.
13.9. Осы Офертаны акцептеу арқылы жасалған қосылу шарты Тараптардың келісімі бойынша, сондай-ақ осы Офертада, Ережеде және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де негіздер бойынша тоқтатылуы мүмкін.
13.10. Егер осы Офертаның қандай да бір ережесі құзыретті сот тарапынан Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес заңсыз, жарамсыз немесе қолдануға келмейтін деп танылса, мұндай ереже тиісті бөлігінде осы Офертаға енгізілмеген болып есептеледі, алайда бұл Офертаның қалған ережелерінің жарамсыздығына әкеп соқпайды.
14. ТІРКЕЛУ КЕЗІНДЕ ҚАТЫСУШЫНЫҢ РАСТАУЛАРЫ
14.1. Осы Оферта мен Ережеге келісім белгісін қойып, Тіркеу жарнасын төлеу арқылы Қатысушы төмендегілерді растайды:
14.1.1. тіркеу жарнасын төлегенге дейін осы Офертамен және Ережемен танысқанын;
14.1.2. осы Оферта Ұйымдастырушының осы Офертада және Ережеде көрсетілген талаптармен қосылу шартын жасасу туралы ұсынысы екенін түсінетінін;
14.1.3. Тіркеу жарнасын төлегеннен кейін Акцепт толық әрі сөзсіз болатынын түсінетінін;
14.1.4. Ұйымдастырушы Іс-шараны белгісіз тұлғалар тобы үшін алдын ала белгіленген бірыңғай қағидалар бойынша өткізетінін және Қатысушыдан жеке тапсырма қабылдамайтынын түсінетінін;
14.1.5. Тіркеу жарнасы слотты резервтеуге, Қатысушыны тіркеу тізімдеріне енгізуге, сөрелік материалдарды дайындауға және Іс-шараны ұйымдастырушылық жоспарлауға байланысты екенін түсінетінін;
14.1.6. қатысудан өз еркімен бас тартқан жағдайда Тіркеу жарнасы бойынша берілген қатысу мүмкіндігін сақтаудың негізгі тәсілі қатысуды басқа күнге ауыстыру, қашықтықты өзгерту немесе слотты қайта рәсімдеу екенін түсінетінін;
14.1.7. қатысудан бас тарту және Тіркеу жарнасын қайтару туралы мәселе Офертада және/немесе Ережеде белгіленген тәртіппен қаралатынын түсінетінін;
14.1.8. Тіркеу жарнасы толық көлемде қайтарылмауы мүмкін екенін түсінетінін;
14.1.9. таңдалған Іс-шараның, қашықтықтың, қатысу санатының және тіркеу деректерінің дұрыстығын өз бетінше тексергенін;
14.1.10. өзінің денсаулық жағдайын, физикалық дайындығын және Іс-шараға қатысу мүмкіндігін өз бетінше бағалағанын;
14.1.11. осы Офертада көзделген тәртіп пен көлемде қатысуды басқа күнге ауыстыру, қайта рәсімдеу және қашықтықты өзгерту туралы өтінішті қарау үшін ұсынылатын құжаттар мен мәліметтерді қоса алғанда, дербес деректерді өңдеуге келісім беретінін.
15. ҰЙЫМДАСТЫРУШЫНЫҢ ДЕРЕКТЕМЕЛЕРІ
Ұйымдастырушы:
«Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры
БСН: 140840008587
Заңды және нақты мекенжайы: Қазақстан Республикасы, Алматы қаласы, әл-Фараби даңғылы, 5-үй, 1А павильоны, № 6 үй-жай
Телефон: 8 (727) 311-51-85
Электрондық пошта: info@almaty-marathon.kz