Winter Run Алматыда жүгіру маусымын дәстүрлі түрде ашты

Қарлы жексенбі таңында Алматы қаласы әдеттегіден ертерек оянып, «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры ұйымдастырған он екінші Winter Run қысқы жүгірісінің қатысушылары мен жанкүйерлерін қарсы алды.
15 ақпанда Winter Run Алматыда жүгіру маусымын дәстүрлі түрде ашты. Көптеген жүгірушілер үшін бұл сөре қысқы дайындықтан кейін өз формасын тексеріп, алдағы маусымның ырғағына енуге мүмкіндік болды. Бағыт әл-Фараби даңғылы бойымен өтті, ал қар жамылған қалалық көрініс қашықтықтың бір бөлігіне айналды.
Іс-шара бағдарламасында үш қашықтық ұсынылды – 10 км, 7 км (скандинавиялық жүріс) және 3 км (балалар жарысы). Ең жас қатысушыларды жарыс жолында суперқаһармандар костюміндегі жүгірушілер қолдады – олар балалармен бірге жүгіріп, мәреде қарсы алып, мерекелік атмосфера қалыптастырды.

Winter Run 22 елден келген қатысушыларды біріктірді. Жарысқа Орталық Азия елдері – Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан; Еуропа елдері – Ұлыбритания, Германия, Франция, Италия, Испания, Польша, Швейцария, Швеция, Норвегия, Украина және Беларусь; сондай-ақ Ресей, Солтүстік Америка – АҚШ пен Канада, Азия және Азия–Тынық мұхиты өңірі – Қытай, Моңғолия, Филиппиндер мен Жаңа Зеландия өкілдері қатысты. Биыл іс-шараға барлығы 2 500 адам қатысты, оның ішінде шетелдік қатысушылардың рекордтық саны – 116 спортшы.
Қатысушылардың жасы 10-нан 75 жасқа дейін болды. Жас жүгірушілердің бірі үшін бұл сөре ерекше мәнге ие болды – ол өзінің 10 жасқа толған күнін дәл қашықтықта атап өтті. Ал ең жасы үлкен қатысушы белсенді өмір салты мен жүгірудің кез келген жаста қолжетімді екенін көрсетті.
Балалар қашықтығының қатысушысы Аружан өз әсерімен бөлісті:
«Маған волонтёрлер мен жақындарымның қолдауы қатты көмектесті. Жүгіру ыңғайлы болды, атмосферасы өте керемет. Мен жарысқа дайындалдым: сауықтыру гимнастикасымен, шаңғымен айналысамын, кейде аулада жүгіріп тұрамын. Almaty Marathon ұйымдастыратын жарыстарға қатысқанды қатты ұнатамын – мұнда әрдайым жақсы вайб бар».
Қатысушының анасы Жанна Смагулова олардың отбасы қор сөрелеріне тұрақты түрде қатысатынын атап өтті: «Біздің отбасы үшін Almaty Marathon жарыстары – нағыз мереке. Бұл әрдайым жақсы көңіл күй, қолдау және ерекше атмосфера».

10 км қашықтықта Winter Run жеңімпазы Рахимжан Кельманов (Қазақстан) – 00:31:45.21 нәтижесімен. Екінші орынды Ислам Амангос (Қазақстан) – 00:31:45.48, үшінші орынды Нартай Тұрлыбекұлы (Қазақстан) – 00:33:17.52 нәтижесімен иеленді.

Әйелдер арасында Светлана Куделич (Қазақстан) – 00:35:50.80 нәтижесімен жеңіске жетті. Екінші орын Катерина Васильченкоға (Украина) – 00:37:05.23, үшінші орын Ольга Сердюковаға (Қазақстан) – 00:38:04.77 бұйырды.
«Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қорының атқарушы директоры Салтанат Казыбаева Winter Run-ның жүгіру маусымындағы маңызын атап өтті:
«Осы уақыт ішінде біз қатысушыларға жылдың басты оқиғасына жүйелі түрде дайындалуға мүмкіндік беретін жарыстар жүйесін қалыптастырдық, ал Winter Run бұл циклді дәстүрлі түрде ашады. Сонымен қатар біз қауіпсіз әрі саналы жүгіру мәдениетін дамытуды жалғастырып келеміз. Осы бағыттағы жұмыстар аясында Community Almaty Run ашық жүгіру қауымдастығы жұмыс істейді – мұнда тұрақты түрде жаттығулар мен физикалық және менталдық денсаулыққа арналған сарапшылармен кездесулер, сондай-ақ барлық ниет білдірушілерге арналған тегін ашық жаттығулар өтеді».
Айта кетейік, маусымның келесі сөресі – Copa Speed Race және Almaty Half Marathon, ал жылдың басты оқиғасы – күзде өтетін әрі 15 жылдық мерейтойын атап өтетін Almaty Marathon болады. Барлық жарыстарға тіркелу almaty-marathon.kz сайтында ашық.
Титулды демеуші – Kaspi.kz.
Жарысты ұйымдастырушылар: «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры, Krida фитнес-клубы және академик Ш. Есенов атындағы ғылыми-білім беру қоры.


