Түркістан қаласында дәстүрлі «Turkistan Marathon – 2025» жарысы өтті. Биылғы марафонға үш мыңнан астам кәсіби және әуесқой спортшы қатысты. Олардың қатарында әлемнің отыздан астам елінен келген 365 шетелдік спортшы бар. Бұл көрсеткіш марафон тарихындағы жаңа рекорд болып тіркелді.
Іс-шараның ашылу салтанатында Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қатысушыларға сәттілік тілеп, бұқаралық спортты дамыту ел саясатының маңызды бағыты екенін атап өтті.
Марафонда 42,2 шақырым, 21,1 шақырым, 10 шақырым, 10 шақырым скандинавиялық жүріс және 3 шақырым балалар қашықтығы бойынша жарыстар өтті. Жарыс нәтижелері World Athletics және AIMS сертификаттарына сәйкес халықаралық деңгейде мойындалады.
Биылғы сайыс үш бірдей жаңа рекордпен есте қалды. Атап айтсақ, ерлер арасында Андрей Петров 42,2 шақырым қашықтықты 2 сағат 16 минут 58 секундта жүгіріп өтті. Әйелдер арасында Екатерина Тунгускова 2 сағат 40 минут 45 секунд көрсеткішпен мәреге бірінші болып жетті. Ал, 10 шақырым жарыста Алишер Ахматалиев 30 минут 31 секунд нәтижемен жеке рекорд орнатты.