20 маусым 2023

Трассаға Халықаралық марафондар мен жүгірулер қауымдастығы ресми түрде сертификат бергенін атап өткіміз келеді, бұл шараны үлкен халықаралық жарысқа айналдырады.

2023 жылғы 18 маусымда Қазақстанның елордасы – Астанада спорт әуесқойларына арналған ең ірі жүгіру жарыстарының бірі – Astana Half Marathon болып өтті.

Жарыстың ұйымдастырушысы жыл сайынғы Алматы марафоны бойынша көптеген спортшыларға таныс болып үлгерген «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры болды.

Жартылай марафон «Сенің жаңа қырың» YouTube арнасында тікелей трансляцияда өтті.

Сөре «EXPO 2017» көрмесіне арнап салынған әйгілі «Нұр Әлем» шарының алдындағы алаңда берілді. Әлемнің 24 елінен келген 5 мыңнан астам әуесқой спортшы орталық көшелермен, «Хан Шатыр» сауда орталығының, Тәуелсіздік сарайы мен Ботаникалық бақтың жанынан жүгіріп өтті.

Жарыс сөресінде барлық қатысушыларды Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Бекмырзаев пен Halyk bank басқарма төрағасының орынбасары Нариман Мұқышев құттықтады. Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық «Жүрек орталығының» директоры Татьяна Иванова-Разумова мен жарыс директоры Салтанат Қазыбаева тілек сөздерін айтты.

«Біздің Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығымыз екінші жыл қатарынан Медицина қызметкері күнін Астанадағы жартылай марафон сияқты жүгіру шарасында атап өтіп жатқаны қуантады. Біз осындай шараның бір пұшпағын көтеріп, атлеттердің денсаулығына қамқорлық жасай алатынымызға қуаныштымыз. Сонымен қатар, барлық қатысушылар 15 қыркүйекке дейін біздің орталығымызда жеңілдікпен тексеруден өте алатындарын қуана хабарлаймыз», – деді Татьяна Иванова-Разумова.

Таңғы сағат 7:00-де сөреден бірінші болып 10 км-ге қатысушылар, скандинавиялық жүріс өкілдері және арбадағы қатысушылар шықты.

Сағат 7:25-те жартылай марафоншылар жарысқа кірісті. 21 км қашықтықта ерлер арасында ресейлік Михаил Кульков жеңімпаз атанды. Оның мәреге жету уақыты – 1 сағат 7 минут 05 секунд. Оның артынан іле-шала қырғызстандық Илья Тяпкин (1:07:43) жүгіріп келсе, үшінші болып өзбекстандық Нодирбек Муталипов келді. Әйелдер арасында ең жылдам қырғызстандық Мария Коробицкая болды, ол 1 сағат 15 минут 39 секундта мәреге жетті. Екінші орынды беларусьтік Светлана Куделич (1:17:56), үшінші орынды украиналық Екатерина Васильченко (1:22:43) иеленді.

21 км-де абсолюттік есептегі жеңімпаздар ақшалай жүлде қорын өзара бөлісті: ерлер мен әйелдер арасындағы жеңімпаздар бірінші орынға 500 000 теңгеден, екінші орынға 450 000 теңгеден, үшінші орынға 400 000 теңгеден жүлде алды. Жас санаттары бойынша (10 км және 21,1 км) жеңімпаздар серіктестерден сыйлықтар алды.

Биылғы жылы Астанада экиден командалық эстафетасы (командада 4 адам) қашықтығы қосылды. Бұл қашықтықта Алматыдан келген Gussarov Team командасы жеңімпаз атанды. Командалық эстафетада да абсолютті біріншіліктегі жеңімпаздар ақшалай жүлделермен марапатталды: 1-ші орын – 200 000 теңге, 2-ші орын – 150 000 теңге, 3-ші орын – 100 000 теңге.

«Биылғы жылғы екінші Astana Half Marathon алдыңғыдан да ауқымдырақ өтті. Қатысушы елдердің географиясы жылдан-жылға ұлғайып келе жатқаны қуантады, бұл біздің жарыстарымыздың халықаралық ауқымын кеңейте түседі. Биылғы жылы жартылай марафонымыз Қала күні аясында өтіп, елорда тұрғындары мен қонақтарына үлкен спорт мерекесін сыйлады. 5000-нан астам қатысушы өздерін жеңіп, мәре сызығында медальдарын алды. Барлық қалалық қызметтерге, Астана қаласының әкімдігіне, сондай-ақ барлық серіктестерімізге қолдау көрсеткендері үшін алғыс айтамыз, олар болмағанда біздің шарамыз осындай жоғары деңгейде өтпес еді. Келесі жылы кездескенше», – деді рейс-директор Салтанат Қазыбаева.

Жартылай марафонға 15 пен 76 жас аралығындағы спортшылар қатысқанын атап өткен жөн. Ең қарт қатысушылар 76 жастағы Әмегүлсін Мұсылманова мен Марат Балтабаев болды.

«Мен 150-ден астам марафонды еңсердім. Бүгін 10 км қашықтыққа жүгіріп, өз жас санатымда бірінші орынды иелендім. Баршаңызға бейбітшілік, табыс және денсаулық тілеймін. Осындай мереке үшін ұйымдастырушыларға алғыс айтамын. Бәріңіз жүгіріңіздер!» – деді Әмегүлсін Мұсылманова.

Естеріңізге сала кетейік, 1 қазанда Орталық Азиядағы ең ауқымды жарыс – «Алматы марафоны» өтеді, оған 15 мыңнан астам адам қатысады. Ресми сайтта тіркелу ашық.

Astana Half Marathon Бас серіктесі: Halyk Bank

Құрметті серіктестер: Altel

Медициналық ресми серіктес: Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы

Ұйымдастырушылар: «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры, Академик Ш.Есенов атындағы ғылыми-білім беру қоры және #Сеніңжаңақырың мультиспорттық Youtube-арнасы.

Сайтқа кіру
Восстановление пароля