27 қыркүйекте өткен 15-ші Almaty Marathon-ға 66 елден 16 000 адам қатысты. Олардың 1 534-і – шетелдік жүгірушілер. Сөрелік жинақтарды тарату кезінде және марафон күні ұйымдастырушылар 1 784,4 килограмм қайталама шикізат жинады. Оның 358,2 килограмы – пластик. Сұрыпталғаннан кейін материалдар қайта өңдеуге жіберіледі.

Биыл Almaty Marathon бағыттары 2018 жылдан бері алғаш рет жаңартылды. Жарыс бағдарламасына 42,2 шақырымдық марафон, 21,1 және 10 шақырымдық жүгіру, «Экиден» командалық эстафетасы мен скандинавиялық жүріс кірді.

Қалдықтарды бөлек жинау сөрелік жинақтарды тарату кезінде, жарыс жолында және мәре аймағында ұйымдастырылды. Еріктілер пайдаланылған бөтелкелер мен стақандарды басқа қоқыстан бөлек жинады. Бұған дейін тамақтану бекеттерінде қолданылған стақандарды қайта өңдеуге жіберу мүмкін болмаған. 2026 жылы марафонды ұйымдастырушы «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры PET 1 пластигінен жасалған стақандарға көшті. Енді оларды бөлек жинап, қайта өңдеуге болады.

Экологиялық серіктесі Eco Network-пен бірге қор 358,2 килограмм пластик жинады. Оның 242,7 килограмы – бөтелкелер, 22 килограмы – қақпақтар, 69,85 килограмы – стақандар, ал 23,65 килограмы – полиэтилен мен қаптама үлдірлері.

Бір стақанның салмағы шамамен бір грамм болса, бұл – 70 мыңға жуық стақан. Сондай-ақ 17,2 килограмм алюминий банкасы мен 1 409 килограмм картон жиналды. Картон көлемі 19 сәуірде өткен жартылай марафоннан екі еседен көп: ол кезде 652,75 килограмм жиналған.

Алдын ала экологиялық есеп бойынша, жиналған шикізатты қайта өңдеу 28 180 литр су мен шамамен 1 118 литр мұнайды үнемдеуге, сондай-ақ полигонға түсетін қалдық көлемін 9,24 текше метрге азайтуға мүмкіндік береді.

Қордың экологиялық бастамалары жарыс күндерімен шектелмейді. Оның іс-шараларында қалдықтарды бөлек жинау 2019 жылдан бері жүргізіліп келеді. Қор Eco Network-пен бірге Алматыда үлкен кроссовка пішініндегі үш эконүкте орнатты. Олар Орталық стадионға қарама-қарсы, Ботаникалық бақтың бас кіреберісінде және Flow Park-та орналасқан. Бұл жерлерде пластик пен алюминий жыл бойы қабылданады. Қор сондай-ақ жүгіріп жүріп қоқыс жинайтын плоггингтер өткізеді және қатысушыларға арналған қағаз жадынамаларды электрондық нұсқаға ауыстырды.

Марафон қатысушылары сөреге өздері енді кимейтін жылы киіммен келіп, жарыс басталғанға дейін тоңбай жүре алды. Жүгірер алдында олар киімдерін турникеттерге қалдырды. Кейін еріктілер бұл заттарды мұқтаж жандарға тарататын «Тепло» жобасына жинап берді. Ботаникалық бақтың кіреберісіндегі жобаның киім қабылдайтын жәшігі жыл бойы жұмыс істейді.


Қайырымдылық 2012 жылғы алғашқы жарыстан бері Almaty Marathon жұмысының бір бөлігі болып келеді. «Бірінші болу – батылдық» қоры сөрелік жарналардың бір бөлігін балаларға арналған жобаларға бағыттайды: медициналық және оңалту жабдықтарын сатып алады, спорт және ойын алаңдарын ашуға көмектеседі. Қатысушылардың үлесі марафон аяқталғаннан кейін де балаларға көмектеседі.


Jañalyqtar
Almaty Marathon-нан кейін бөтелкелер мен стақандар қайда кетті?
Мерейтойлық Almaty Marathon шетелдік қатысушылар саны бойынша рекорд орнатты
Мемлекеттік қызметте жұмыс істеп, Бостон марафонында жеңіске жеткен танымал жапон жүгірушісі Алматыға келд