Түркістандағы ең ауқымды жүгіру жарысы 25 қазанда өтеді

2026 жылдың 25 қазан күні Түркістанда «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры ұйымдастыратын Turkistan Marathon халықаралық жүгіру жарысы бесінші рет өтеді. Республика күні ежелгі қала көшелерімен әлемнің 20-дан астам елінен келген 3 000 қатысушы жүгіріп өтеді. Сөре мен мәре орны Karavan Saray кешенінің жанында орналасады. Жарыс бағыты Бекзат Саттарханов даңғылы бойымен әуежайға қарай өтіп, кері қайтады.
Дәстүрлі түрде жарыс бағдарламасына бес қашықтық кіреді: марафон (42,2 км), жартылай марафон (21,1 км), 10 км жүгіру, 10 км скандинавиялық жүріс және 10–14 жас аралығындағы қатысушыларға арналған 3 км балалар жарысы.
Turkistan Marathon жыл сайын Қазақстанның түрлі өңірлерінен және шетелден келген жүгірушілерді біріктіреді. 2025 жылы қатысушылардың шамамен 80%-ы Түркістаннан тыс жерлерден келген: 1 968 адам Қазақстанның басқа өңірлерінен, тағы 368 адам шетелден қатысқан. Жалпы, жарыс сөресіне 3 000 жүгіруші шықты.
Жүгірушілермен бірге Түркістанға олардың туыстары мен достары да келеді. Turkistan Marathon жарысының экономикалық ықпалын зерттеу нәтижесіне сәйкес, әр қатысушыға орта есеппен 1,6 еріп жүрушіден келеді. 2025 жылы олардың саны шамамен 4 мың адам деп бағаланды. Қатысушылардың, еріп жүрушілер мен ұйымдастырушылардың шығындарын, сондай-ақ сабақтас салаларға әсерін ескере отырып, марафонның жалпы экономикалық ықпалы шамамен 1,6 млрд теңгеге бағаланды.
Көптеген қатысушылар үшін марафонға бару спорттық жарысқа қатысуды саяхатпен ұштастыруға, Түркістанның тарихы мен мәдениетімен танысуға мүмкіндік береді. Қаланың басты көрікті жерлерінің бірі – ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Ясауи кесенесі.
Turkistan Marathon Халықаралық марафондар мен жүгіру жарыстары қауымдастығының (AIMS) күнтізбесіне енгізілген, ал жарыс трассасы World Athletics стандарттарына сәйкес сертификатталған. Сондай-ақ жарыс Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Әзірбайжан марафондарын біріктіретін TAN (Turkic Alliance of Long Runs) халықаралық сериясының құрамына кіреді.
«Turkistan Marathon спорт пен туризмді ұштастырады. Оның қала экономикасына нақты әсерін қазірдің өзінде көріп отырмыз. Әр қатысушының келуімен бірге тұруға, тамақтануға, көлікке және басқа да қызметтерге жұмсалатын шығындар да артады. Біз үшін марафонның одан әрі дамып, Түркістанға жаңа қонақтар тартып, жергілікті бизнеске қосымша мүмкіндіктер жасауы маңызды», – деп атап өтті «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қорының қамқоршылық кеңесінің төрағасы Ғалымжан Есенов.
Тіркеу almaty-marathon.kz сайтында жалғасуда.
Іс-шара Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен өтеді.
Титулдық демеуші: Kaspi.kz.
Ұйымдастырушылар: «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры, Krida фитнес-клубы және академик Ш. Есенов атындағы ғылыми-білім беру қоры.


