Рекордтар, жапондық жұлдыз және 66 елден келген жүгірушілер: Алматыда мерейтойлық жүгіру маусымы аяқталды

Түрлі-түсті костюмдер, тарихи орталықтың көшелері және 25 елден келген 2 500 жүгіруші – Алматыда 2026 жылғы жүгіру маусымы осылай аяқталды. «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қорының дәстүрлі City Run жарысы мерейтойлық жылды қорытындылады. Бұл жыл рекордтарымен, Жапониядан келген жұлдызды қонағымен және жарыстарға шыққан ерекше қажеттілігі бар жандар санының екі есе өсуімен есте қалады.
City Run нағыз қалалық мерекеге айналып, еліміздің түкпір-түкпірінен және шетелден жүгірушілерді біріктірді. Қатысушылардың шамамен 8%-ы Қазақстанның басқа өңірлерінен – Астана мен Шымкенттен бастап Ақтау мен Өскеменге дейін келді, тағы 6%-ға жуығы – шетелдіктер.
«Мерейтойлық жыл Қазақстанда жүгіру өмір салтының бір бөлігіне айналғанын көрсетті. Маусым бойы біздің жарыстарымызға 40 мыңнан астам адам қатысты, ал өткен жылы ірі жарыстарға қатысқандардың әрбір төртіншісі бізге қайта оралды – көбі ұзағырақ қашықтықты таңдады. Біздің мақсатымыз – Алматыны әлемнің түкпір-түкпірінен адамдар келетін өңірдегі басты жүгіру қалаларының біріне айналдыру», – деді «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қорының қамқоршылық кеңесінің төрағасы Ғалымжан Есенов.
Жылдың басты оқиғасы 15 жылдығын атап өткен Almaty Marathon болды. Сөреге 66 елден 16 мыңнан астам адам шықты, бір жыл бұрын елдер саны 60 болған. Шетелден 1 534 жүгіруші келді – бұл марафон тарихындағы ең жоғары көрсеткіш. Толық марафон қашықтығы 42,2 км-ге шыққандар саны да рекордтық болды: оны 1 614 адам таңдады. Мерейтойдың жұлдызды қонағы – 2018 жылғы Бостон марафонының жеңімпазы, жапондық жүгіруші Юки Каваучи. Ол Қазақстан мен Орталық Азияға алғаш рет келді.
Жалпы халықаралық қызығушылық та артып келеді. Қордың ең ірі төрт жарысына – Almaty Marathon, Almaty Half Marathon, Astana Half Marathon және Turkistan Marathon – 3 мыңға жуық шетелдік қатысты, бұл өткен жылмен салыстырғанда 14%-ға көп. Бұл додалар AIMS күнтізбесіне енген Қазақстандағы жалғыз сөрелер болып қала береді. AIMS – 115 елдегі 445-тен астам жарысты біріктіретін халықаралық марафондар мен жүгіру жарыстары қауымдастығы.
Сондай-ақ Almaty Marathon мен Turkistan Marathon Turkic Alliance of Long Runs (TAN) сериясына кіреді. Серия Abbott World Marathon Majors және SuperHalfs үлгісінде құрылған. Ол Алматы, Түркістан, Самарқанд, Баку және Бішкек марафондарын біріктіреді. Қатысушылар түркі елдерінің қалаларында жүгіріп, олардың мәдениетімен танысады. 2026 жылы серияға 1 217 адам қатысты.
Қордың жарыстары қалаға экономикалық пайда да әкеледі: спорттық туризм мен жергілікті бизнес дамып, бюджет толығады. Зерттеу деректеріне сәйкес, 2026 жылы қордың Алматыдағы жарыстарының есептік экономикалық әсері 20,63 млрд теңгені, салық түсімдері 3,67 млрд теңгені құрады. Басқа қалалардан және шетелден келген жүгірушілер қатысушылардың тек бестен бірін құрады, бірақ барлық шығынның төрттен үшіне жуығын қамтамасыз етті. Шетелдік қатысушылардың 87%-ы Алматыға қайта келуді жоспарлап отыр.
Алматыда жүгіру барған сайын бәріне қолжетімді бола түсуде. 2026 жылы қордың жарыстарына ерекше қажеттілігі бар 260 жан қатысты – бұл өткен жылмен салыстырғанда екі еседен астам көп. Ірі жарыстарда пандустар мен арнайы биодәретханалар орнатылған: қор Қазақстандағы жүгіру жарыстарын ұйымдастырушылар арасында мұндай жабдықты алғашқылардың бірі болып сатып алды. Мәреге жеткендер Брайль қарпімен жазылған медаль алады. Ұйымдастырушылар әйелдерге де қолайлы жағдай жасайды: жарыстарда ана мен бала бөлмелері және жеке әйелдер дәретханалары жұмыс істейді.
Қаланың жүгіру өмірі жарыстар арасында да жалғасты. Жыл бойы тегін ашық жаттығулар өтті, олардың саны 140-қа жетті. Сонымен қатар кез келген адам қатыса алатын Community Almaty Run қауымдастығының кездесулері ұйымдастырылды. Жарыстарды өткізуге 4 мыңнан астам волонтер көмектесті.
Қор экологияға үлкен мән береді. Тамақтану пункттерінде алғаш рет қайта өңделетін PET 1 пластигінен жасалған стақандар пайда болды. Жарыстардан 2,5 тоннадан астам қалдық – макулатура, пластик, шыны және алюминий жиналып, өңдеуге өткізілді. EcoNetwork компаниясының есебінше, бұл 16 ағаш пен 31 мың литрге жуық суды сақтап қалуға мүмкіндік берді. Қор «Тепло» әлеуметтік жобасымен бірге 4,4 тоннадан астам киім жинады – бұл 2025 жылмен салыстырғанда екі есе көп. Киімді ерекше қажеттілігі бар 1 007 адам алып үлгерді.
Маусымның әр шақырымы игі істерге де қызмет етті. «Бірінші болу – батылдық» қоры AYALA қайырымдылық қорымен бірге балаларға арналған екі жобаға 142 млн теңге бағыттады – бұл өткен жылмен салыстырғанда үштен бірге көп. «Өмірге қайта жан бітіреміз» жобасының арқасында Алматыда тамыр мальформацияларын емдеу әдісі енгізілуде, бұрын мұндай ем тек шетелде қолжетімді еді. «Әлемді көремін» жобасы аясында Түркістанда шала туған нәрестелердің ретинопатиясын емдеуге арналған лазерлік жабдық іске қосылды – 200-ден астам сәби көмек алады.
City Run Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өтті.


