Алматы марафоны 2018 қайырымдылық шаралары аясында тұрғызылған нысандарды тапсыру жалғасып жатыр. 12 қыркүйекте біздің команда онкологиялық ауруларға шалдыққан балаларға арналған «Мен сенімен біргемін» бірінші хосписіне спорт алаңдарын сыйға тартты.
Кішкентай емделушілер үшін жүйелі физикалық белсенділік аса маңызды. Балалар енді хоспис ауласындағы ойын алаңында уақыт өткізіп, төбешіктен сырғанап, әткеншек теуіп, баскетбол ойнай алады. «Балаларға, әсіресе, бокс грушасын ұрған ұнайды. Осы арқылы ауру кезінде жиналған барлық жағымсыз ойларды шығарып тастауға болады»,-дейді бағдарлама директоры Игорь Федоренко. «Жаңа алаңда қазір таңғы жаттығулар өтіп жатыр. Бұған қоса, дәл осы жерде балалар футбол ойнағанды жақсы көреді».
Жақында хоспистің бұрынғы емделушілері Игорь Федоренкомен бірге Мәскеуде жыл сайын өтетін Жеңіпаздар ойынына барды. Бұл шара онкологияны жеңген немесе аурудың беті қайту сатысындағы балалар үшін ұйымдастырылады. 15 бала Мәскеуден жүзу, үстел теннисі, шахмат, ату және футболдан 15 медаль әкелді.
«Біздің хосписте балалар ғана емес, олардың ата-аналарына да көмек көрсетіледі. Ата-ана, біріншіден, психологиялық көмек алады. Екіншіден, балалар біздің орталықта бірнеше күнге қалатындықтан, ата-аналар қоғамдық өмірге араласуын жалғастыра алады. Олар жұмысқа шығып, достарымен кездеседі... Қоғамға белсене араласу маңызды, ал балалар үшін кәсіби көмек, нағыз эмоциялар мен қолдауға ие болу аса қажет. Балалар мен ата-аналарға дерттен сауығып кетуге деген сенім ұялату керек. Өткен жылдың өзінде біздің көмегімізбен 72 бала ауруды жеңгендер ретінде есептен шығарылды. Сол себепті әдеттегі өмірдің осындай белгілері балалардың ойын кезінде өз аурулары туралы ұмытып кетуі үшін аса қажет"-дейді хоспис директоры Нағима Плохих.
Хосписке жетекшілік етуден бөлек, Нағима Жұмашқызы әйелдер арасында кеуденің қатерлі ісігінің алдын алу бойынша қордың жұмысымен айналысады. 29 қыркүйекте өтетін Әйелдердің жүгіру жарысында әркім кәсіби маммолог дәрігермен кеңесу мүмкіндігіне ие болады.
Алматы марафонының барлық қатысушыларына алғыс айтамыз! Сіздердің арқаларыңызда балаларды сауықтыруға және оларға бақыт сыйлауға үлес қосып жүрміз!