29 наурыз күні Sokol автодромында (Алматы облысы) «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры ұйымдастырған Copa Speed Race 10K өтті – бұл Орталық Азияда кәсіби автожарыс трассасында толық өткізілген алғашқы жаппай жүгіру жарысы. Жарысқа 16 елден 1000 қатысушы қатысты.
Қатысушылар Формула-1 трассаларының авторы, сәулетші Герман Тильке жобалаған жарыс жолында 10 км қашықтықты жүгіріп өтті. Жарысқа барлығы 16 елден 1000 адам қатысты.
Жарыстың басты ерекшелігі – биіктік айырмасы небәрі 16 метрді құрайтын тегіс әрі жылдам жарыс жолы болды. Бұл қатысушыларға нәтижеге барынша көңіл бөліп, жеке рекордтарын жаңартуға мүмкіндік берді.
Жарыс форматы барлық деңгейдегі жүгірушілерге ашық болды – тәжірибелі спортшылар да, әуесқойлар да қатыса алды. Әрбір қатысушы өз қарқынын таңдап, нәтижеге немесе жайлы темпте жүгіре алды.
Автодромдарда жүгіру жарыстарын өткізу әлемде қарқынды дамып келеді – мұндай жарыстар Ұлыбританиядағы Сильверстоун трассасында, БАӘ-дегі (Абу-Даби) Яс-Марина автодромында және Испаниядағы Circuit de Barcelona-Catalunya трассасында өтеді. Copa Speed Race 10K Орталық Азиядағы осындай форматтағы алғашқы жарыс болып, аймақтағы жаппай спорттың дамуына жаңа серпін берді.
«Біз қатысушылар шынайы жылдамдықты сезініп, нәтижеге толық шоғырлана алатын сөре жасағымыз келді. Автодром бұл үшін тамаша жағдай жасайды – тегіс трасса, қауіпсіздік және ерекше атмосфера. Бұл біз үшін жай ғана жаңа формат емес, сонымен қатар Қазақстан мен аймақтағы жүгіру мәдениетін дамытудағы тағы бір қадам», – деп атап өтті «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қорының атқарушы директоры Салтанат Қазыбаева.
Жарыс барысында қатысушылар мен қонақтар үшін картинг, тест-драйв, ретро-автокөліктер мұражайы, сондай-ақ серіктестерден тамақтану аймағы мен түрлі белсенділіктер ұйымдастырылды.
10 км қашықтық бойынша ерлер арасында абсолюттік есепте Максим Фроловский (00:30:31.25) жеңіске жетті. Екінші болып Рахимжан Кельманов (00:31:18.81), үшінші болып Ислам Амангос (00:31:23.81) мәреге жетті. Барлық жүлделі орындарды Қазақстан өкілдері иеленді.
Әйелдер арасында абсолюттік есепте Светлана Куделич (Беларусь) 00:35:18.10 нәтижесімен жеңімпаз атанды. Екінші орынды Дана Айдосова (Қазақстан) – 00:36:14.54, үшінші орынды Катерина Васильченко (Украина) – 00:36:27.44 нәтижесімен иеленді.
Еске сала кетейік, Almaty Half Marathon және Astana Half Marathon жарыстарына тіркеу ашық. Сондай-ақ 2026 жылғы 27 қыркүйекте өтетін мерейтойлық, 15-ші Almaty Marathon жарысына тіркеу жалғасуда.