Бүгін, 17 қыркүйек күні Орталық Азиядағы ең ауқымды жүгіру жарысы – 2019 жылғы 21 сәуірде өтетін халықаралық сегізінші «Алматы марафонына» тіркеу ашылды.
Биыл біз «Алматы марафонына» тіркеуді ерте ашу туралы шешім қабылдадық. Мақсатымыз – сөреге 17 мыңдай адам жинау. Біз, әсіресе, шетелдік меймандардың көптеп тартуды жоспарлап отырмыз. 2018 жылы 14 мың қатысушының шамамен мыңға жуығы өзге елдерден келді. Күллі әлемде ең ірі жүгіру жарыстарының бағдарын қаланың ең көрікті жерлері арқылы жүргізу тәжірибесі қабылданған. Осылайша, Париж марафонына қатысушылар жүгіруді ең танымал Елисей алаңынан бастаса, ал Бангкокте марафоншылар корольдік резиденциясы бойымен жүгіреді. Спорттық туризм әлемдегі туризмнің өзіндік түрі ретінде танымал бола бастады. Біздің қаламыздың әдемілігін шетелдік меймандарға көрсетіп, Орталық Азиядағы спорты дамыған астана деген мәртебемізді бекіте түскен дұрыс деген ойдамыз, - дейді «Бірінші болуға батылдық» Корпоративтік қорының атқарушы директоры, «Алматы марафоны» ұйымдастырушысы Салтанат Қазыбаева.
Алматы марафонындағы қашықтықтар бұрынғысынша сақталған: олар – дәстүрлі 3 км балалар қашықтығы, 10 км «Спутник» жүгіру жарысы, 21,1 км жартылай марафон және 42,2 км марафонның өзі. Скандинавиялық жүру қашықтығын қалайтындарға 10 км, ал корпоративтік қатысушыларға арнап «экиден» эстафетасы ұсынылған. Марафонның сөресі мен мәресі биыл Республика алаңында болады.
— «Алматы марафонының» сөрелік жарнасы қайда жұмсалады деген сұрақтар жиі қойылады. Алғашқы құрылған күнінен бастап, марафон өз алдына қайырымдылық шараларын өткізу мақсатын қойып келеді. Жыл сайын біз мекемелер мен ұйымдарды таңдап, оларға арнап спорттық алаңдарды тұрғызып, арнайы және спорттық құрал-жадбық сатып аламыз. 7 жыл ішінде 2500-нан астам балаға көмектестік, 11 мекемеде 14 жобаны іске асырдық. Атап айтсақ, мектеп-интернаттар, балалар хосписі, балабақша және оңалту орталығы,- дейді «Алматы марафоны» негізін қалаушы, «Бірінші болуға батылдық» КҚ қамқоршылық кеңесінің мүшесі Айжан Есім. – Бұл мақсаттар бізге марафон қатысушыларының сөрелік жарналарын іске асыруға көмектеседі.
Жақында «Алматы марафоны» командасы «Мен сенімен біргемін» онкологиялық ауруларға шалдыққан балалар хоспиіне, Есіктегі көру қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернатқа, сонымен бірге, интеллектуалдық дамуында ерекшеліктері бар балаларға арналған №6 арнайы мектеп-интернатқа спорттық алаңдар берді. А.Есімнің сөзінше, 2019 жылғы марафонның қайырымдылық мақсаттары қазанда мәлім етіледі.
Ұйымдастырушылары – «Бірінші болуға батылдық» Корпоративтік қоры, «World Class Almaty» фитнес-клубы және Академик Шахмарден Есенов атындағы ғылыми-білім беру қоры, Алматы қаласы әкімдігі қолдауымен өтеді.