Көпшілік үшін «Алматы марафоны»-2019 алғашқы үлкен сөре болмақ, дегенмен көптеген жүгірушілер үшін бұл сегізінші мәрте өтіп жатқан жарыс. Ең бастысы, қашықтық пен осыған дейін еңсерілген шақырымдарға қарамастан, жарыс дайындығына мұқият көңіл бөлген жөн. Бұл жарақаттан, сіңірдің созылуы мен өз-өзіңді нашар сезінуден сақтайды.

Спорттық медицина саласындағы сарапшылар марафон қатысушыларына өз кеңестерін берді.

Кімге марафонға қатысуға болмайды

«Алматы марафоны» - бұл қандай да бір физикалық күшті қажет ететін спорттық іс-шара. Әуесқой спортшылар кешенді тексерістен өтіп, жылына екі мәрте анализ тапсыруы қажет. Ал, жүгіру жарысына бірнеше күн қалғанда дәрігерден кеңес алуды ұмытсаңыз, әлі де кеш емес! Терапевт, кардиологқа барып, жалпы қан анализін тапсырып, глюкоза деңгейін тексертіңіз! Жүгіру кезінде жүрекке қысым көрсету, жүрек ақауы бар адамдардың денсаулығына кері әсерін тигізуі мүмкін. Ал, қант деңгейі мөлшерден жоғары болса, марафон жарысына қатысуға мүлдем тыйым салынып, арнайы жеке жаттығулар беріледі. Сол себепті дәрігерге қаралу – міндетті шарт. Сонымен қатар, дәрігер осы спорт түріне қарсы көрсетілім беруі мүмкін.

«Жүгіру жүрек-қан тамырлар аурулары бар, аяқ буындарының дегенеративті және асқынған өзгерістері, соңғы айлардағы жүктілік, сондай-ақ остеопорозға шалдыққан 60 жастан асқан адамдар мен операциядан кейінгі кезеңдегі науқастарға қарсы көрсетілген. Дегенмен, физикалық белсенділікті шектеу – шешім емес. Мүмкіндігінше өз кестеңізге дене жаттығуларын қосып, скандинавиялық жүріспен айналысыңыз немесе жаяу ұзақ уақыт бойы серуендеуге көңіл бөліңіз. Жарақат алған жағдайда немесе ауру кезінде жүгіру жарысына қатыспай, жанкүйер ретінде келген жөн», - дейді флеболог-дәрігер және ангиохирург, Еуропаның ангиологтар қоғамының мүшесі Әлия Бақытжанқызы Жұматаева. 

Марафон кезінде қалай тамақтану керек

Тамақтану — жарысқа дайындықтың маңызды шарттарының бірі. Марафон қарсаңында дәрігерлер майлы, кептірілген, тұзды, ащы және тәтті тағамдардан бас тартуға кеңес береді. Жарыс қарсаңында жаңа, сіз білмейтін тағамдардан бас тартқан дұрыс. Әр тағамға ағзаның қалай жауап беретіні белгісіз. Марафонға бір апта қалғанда ақуыз бен майларды жеуді тоқтатыңыз. Баяу көмірсулары бар тағамдарға таңдау жасаңыз. Олар жүгіру кезінде ағзаға қажетті энергетикалық қор береді. Қатты сұрыпты бидайдан жасалған спагетти жеп, сөре қарсаңында өзіңізге паста-пати ұйымдастырыңыз.

Марафон күні сөреге 3 сағат қалғанда көмірсуларды қабылдап, соңғы асты жарысқа 1,5-2 сағат қалғанда жеген дұрыс. Жүгіру алдында шөлдесеңіз, 1 немесе 2 стақан су ішкен жөн.

Өз ағзаңыз бен денсаулығыңызға көңіл бөліңіз

Сөре кезінде бірден қатты жүгіре бастамай, жылдамдықты біртіндеп жоғарылатқан дұрыс. Әйтпесе қашықтық ортасында жүгіруді ары қарай жалғастыру қиын болады. Өз күшіңіз бен мүмкіндігіңізді тең пайдаланыңыз.

 «Егер шаршағандықты сезінсеңіз, жүгіру темпін баяулатыңыз. Ал аяқ сіңірінің түйірілуі, бұлшықет құрысуы, аяқ басуыңыз қиындаса, баяу жүріске ауысқаныңыз жөн. Отыруға мүлдем болмайды – бұл ағзаны шокқа әкелуі мүмкін. Тіптен мәреден кейін де жүруді тоқтатпаңыз, бірден тоқтауға болмайды», - дейді кардиолог дәрігер, медицина ғылымның кандидаты Шатекова Сәуле Жарылғасынқызы.

Жүгіру техникасын ұмытпай, қауіпсіздік шараларына бей-жай қарамаңыз. Жүгіру кезінде құлаққапты қолданбаған жөн, себебі өзге қатысушылар мен ұйымдастырушылардың ескертуін естімей қалуыңыз мүмкін.

Бастысы өзіңізді жақсы сезінуіңіз қажет. Өз денсаулығыңыз бен денеңізге мұқият көңіл бөліп, шамадан тыс тырыспаңыз. Алдымен сіз өзіңіз үшін, ал екінші кезекте мәреге бірінші болып келу үшін жүгіресіз. 

Алматы марафоны 21-сәуірде бас демеуші Kaspi.kz, құрметті демеуші Sulpak, Алматы қаласының әкімдігі мен өзге де серіктестердің қолдауымен сегізінше мәрте өткелі отыр.

Шараның ұйымдастырушылары: «Бірінші болу - батылдық» корпоративтік қоры,  «World Class Almaty» фитнес-клубы және Академик Шахмардан Есенов атындағы ғылыми-білім беру қоры.

Jañalyqtar
Taraz City Run: маусымның соңғы жарысы әлемнің 14 елінен 1500 қатысушыны жинады
Turkistan Marathon: әлемнің 21 елінен 3000 спортшы ежелгі қала көшелерімен жүгірді
27 қазанда Түркістандағы жолдардың бір бөлігі жабылады