Winter Run 2022 – биылғы жылы тоғызыншы рет өтіп отырған, маусымды ашатын жарыс. Оңтүстік астананың екі мыңнан астам тұрғындары мен қонақтары 10 км, балалар арасында 3 км, сондай-ақ 7 км скандинавиялық жүріс қашықтықтарын жүгіріп өтті. Спортшылар «Нұрлы-Тау» бизнес орталығынан бастап, әл-Фараби даңғылының бойымен Гагарин даңғылына дейін жүгірді, сол жерден бұрылып, сөре орнында мәрені аяқтады.
Жарысқа 10 жастан асқан әуесқой спортшылар қатысты. 3 км қашықтықта ұлдар арасында Ералы Сейітбек (10-12 жас) пен Рамазан Айнегов (13-14 жас) жеңімпаз атанды. Қыздар арасында Аружан Өмірбек (10-12 жас) пен Олеся Петрова (13-14 жас) жүйрік атанды.
Ең қарт қатысушы – 73 жастағы Биебай Тілемісов 10 км қашықтықты 44 минут 56 секундта еңсерді.
10 км қашықтықта 32 минут 18 секунд нәтижесімен ерлер арасында Рақымжан Келманов жеңімпаз атанды. Әйелдер арасында Светлана Куделич (Беларусь) бірінші болып мәреге жетті. Оның мәреге жету уақыты – 36 минут 15 секунд.
Өз қашықтықтарын жүгіріп өткен барлық спортшылар мәреші медалін алды. 10 км қашықтыққа жүгірген әйелдер мен ерлер арасында абсолютті есептегі жеңімпаздар ақшалай сертификаттармен, медальдармен, грамоталармен және серіктестер ұсынған сыйлықтармен марапатталды. Жас санаттары бойынша жеңімпаздар да медальдармен, грамоталармен және серіктестер ұсынған бағалы сыйлықтармен марапатталды.
«Біз 2023 жылғы жүгіру маусымын дәстүрлі қысқы жарысымызбен табысты бастадық. Жарыс өтетін күні ауа райы бізді қуантты. Баршаңызды жеке рекордтарыңызбен, өздеріңізді жеңулеріңізбен құттықтаймын. Барлық қатысушыларға, қалалық қызметтерге, медицина қызметкерлеріне, еріктілерге, серіктестерге алғысымызды айтамыз. Сіздердің көмектеріңізсіз біздің жүгіру мерекеміз соншалықты жарқын және есте қаларлық болмас еді», – деді Алматы марафонының рейс-директоры Салтанат Қазыбаева. – «Мен сондай-ақ жаңа артықшылығымызбен бөліскім келеді. 2023 жылы біздің барлық сегіз жүгіру жарысымызға қатысқан адамдар жыл соңындағы City run жарысында атаулы алтын нөмірге ие болады, сонымен қатар, қорымыздан естелік сыйлықтар алады. 2023 жылғы жарыстарда кездескенше».
2023 жылғы 23 сәуірде өтетін 2023 жылғы Алматы жартылай марафонына, сондай-ақ Copa Almaty Run қысқа қашықтықтарға жүгіру жарысы мен Tau Jarys таулы жерде жүгіру жарысына тіркелудің ашылғанын естеріңізге саламыз. Тіркеу almaty-marathon.kz сайтында жүргізіледі.