Жаңа рекордтар. Алтыншы Алматы жартылай марафоны қалай өтті
Осы жексенбіде, 23 сәуір күні алтыншы Алматы жартылай марафоны өтті. Таңғы сағат 7:30-да Тұңғыш Президент саябағының жанында сөре белгісі берілді.
Іс-шара AIMS Халықаралық жарыстар мен жүгірулер қауымдастығына кіреді, марафон трассалары World Athletics стандарттарына сәйкес сертификатталған. Жартылай марафонға 18 жастан асқан және қатысуға тілек білдірген адамдардың бәрі қатыса алды. Жарыстың қалған қашықтықтарына 15 жастан асқан қатысушылар жіберіледі.
Сөреден бірінші болып 10 км-ге қатысушылар, скандинавиялық жүріс өкілдері және қозғалу мүмкіндіктері шектеулі арбадағы қатысушылар шықты. 29 минут 23 секундтан кейін қазақстандық Рақымжан Келманов мәреге жетіп, трасса үшін рекордтық уақытпен жеңімпаз атанды. 10 км-ге жүгірген қыздар арасында қашықтықты 33 минут 49 секундта бағындырған Виктория Сергеева жеңіске жетті.
Сағат 8:10-да жартылай марафоншылар – әуесқой спортшылар, эстафета қатысушылары сөреге шықты. 21 км қашықтығында 1 сағат 5 минут 32 секундта жүгіріп өткен ресейлік Михаил Кульков абсолютті жеңімпаз атанды. Екінші болып грузиялық Давити Харазишвили (1:05:41), үшінші болып өзбекстандық Евгений Фадеев (1:05:42) келді.
Қыздар арасында қырғызстандық Айнұсқа Қалилқызы 1:15:51 көрсеткішімен мәре сызығына бірінші болып жетсе, Украинадан келген Евгения Прокофьева (1:16:41) – екінші, Беларусьтен келген Светлана Куделич (1:17:20) үшінші орынға ие болды.
Эстафета командалары арасында Алматы триатлон федерациясының құрамасы топ жарып, екінші орынды – SN Running Team командасы, үшінші орынды Qulpynai bakery атлеттері иеленді.
– Бүгін алтыншы рет өткізіліп отырған Алматы жартылай марафонында қатысушылар саны бойынша рекорд жаңарды. Жарысқа барлығы әлемнің 29 елінен, атап айтқанда, ТМД елдерінен, Грузиядан, Беларусьтен, Украинадан, Ресейден, Германиядан, Норвегиядан, АҚШ-тан, Жапониядан және басқа да елдерден келген 7500-ден астам спортшы қатысты, - деді «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қорының директоры және жарысты ұйымдастырушы Салтанат Қазыбаева. – Біздің мақсатымыз – спортты барынша көп адамға қолжетімді және тартымды ету. Спорт – бүгінде сәнді хобби немесе қандай да бір ерекшелік емес, бұл – қажеттілік.
Мәреден кейін барлық қатысушыларды Орталық стадион сахнасында чирлидерлердің, лайф-бендтің өнер көрсетуімен және жарыс жеңімпаздарын марапаттаумен үлкен ойын-сауық бағдарламасы күтіп тұрды. 21 км-де абсолюттік есептегі жеңімпаздар ақшалай жүлде қорын өзара бөлісті: 1-ші орынға – 500 000 теңге, 2-ші орынға – 450 000 теңге, 3-ші орынға 400 000 теңге берілді. Жас санаттары бойынша (10 км және 21,1 км), сондай-ақ экиден эстафетасындағы жеңімпаздар серіктестерден сыйлықтар алды.
Ал 24 сәуір, дүйсенбі күні 2023 жылғы 1 қазанда өтетін «Алматы марафонына» тіркелу ашылды. Жарыс қашықтықтары: 42,2 км, 21,1 км, 10 км, 10 км скандинавиялық жүріс және экиден эстафетасы.
Алматы жартылай марафонының титулдық демеушісі: Kaspi.kz
Алматы жартылай марафонының ұйымдастырушылары: «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры, «World Class Almaty» фитнес-клубы, Академик Ш.Есенов атындағы ғылыми-білім беру қоры және #Сеніңжаңақырың мультиспорттық Youtube-арнасы.