2024 жылы 27 қазан, жексенбіде Түркістанда үшінші марафон – Turkistan Marathon өтті. Іс-шараны 2012 жылдан бастап Қазақстанда бұқаралық спортты дамытумен белсенді айналысатын және жылына 10-нан астам спорттық іс-шара өткізетін "Бірінші болу – батылдық" корпоративтік қоры ұйымдастырды. Сөре әлемнің 21 елінен 3000 спортшыға берілді және ежелгі қаланың көркем жерлерінен өтті. Марафон AIMS халықаралық сөре және жүгіру қауымдастығының бөлігі болып табылады және трассалар World Athletics стандарттарына сәйкес сертификатталған.

Сәлемдесу сөзімен және құттықтаулармен қатысушыларға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев пен Түркістан қаласының әкімі Азимбек Пазылбекұлы сөз сөйледі.

«Түркістан қаласының тұрғындары мен қонақтары! Сіздерді Түркістанның киелі жерінде қарсы алуға қуаныштымын. Түркістан — рухани және мәдени орталық қана емес, сонымен қатар спорттық астанаға айналуды мақсат еткен қала. Қазіргі таңда Түркістанды спорттық орталыққа айналдыру үшін көптеген шаралар мен жұмыстар жүргізілуде. Бүгін біз қаламыз бен еліміздің маңызды оқиғаларының бірі — Turkistan Marathon-да жиналдық. Мен болашақта Түркістандағы марафонының халықаралық деңгейде танылатынына және шетелдік қатысушылардың санының артатынына үміттенемін», — деді Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев. 

Таңғы 7:30-да 3 км қашықтыққа 10-14 жастағы ең жас қатысушылар сөреге шықты. Марафон 8:20-да басталды. Turkistan Marathon-ның жаңа рекордсмені қырғызстандық Илья Тяпкин 2 сағат 19 минут 44 секундта қашықтықты аяқтады. Ол 2022 жылы өзбекстандық Бахтиёр Уткиров орнатқан бұрынғы жетістікті жақсартты. Әйелдер арасында жеңісті ресейлік Елена Толстых 2 сағат 43 минут 17 секундта жеңіп алды.

Марафоншылардан кейін жартылай марафонның қатысушылары сөреге шықты. 8:40-та 10 км қашықтыққа жүгірушілер мен скандинавиялық жүріс әуесқойлары жарысқа шықты. Ерлер арасындағы жартылай марафонның жеңімпазы қырғызстандық Нурсултан Кенешбеков 1 сағат 2 минут 48 секунд нәтижесімен жеңіске жетті. Әйелдер арасында бірінші болып оның отандасы Айнуска Калил қызы 1 сағат 15 минут 3 секундта мәре сызығын кесіп өтті.

Ерлер арасында 10 км жүгіруден жеңімпаз қазақстандық Рахимжан Келманов 31 минут 5 секундта мәреге жетті. Әйелдер арасында Қазақстанның спортшысы Ақбілек Құралбайы 36 минут 1 секундта жеңіске жетті. Балалар арасында үздіктер қатарында қазақстандық Арлан Тен мен Аяна Болатбекова 36 минут 13 секунд және 37 минут 3 секунд нәтижелерімен мәреге жетті.

Нәтижелер almaty-marathon.kz сайтында қолжетімді. 

Абсолюттік есепте жеңімпаздар ақшалай, бағалы сыйлықтармен және мадақтама қағаздарымен марапатталды. Түркістан марафонының ақшалай сыйлық қоры 7 940 000 теңгені құрады.

Сөре-мәре қалашығында қатысушылар мен көрермендер үшін мерекелік атмосфера ұйымдастырылды. Музыкалық концерттер, дәстүрлі тағамдар — баурсақтар мен алмалар, батырлардың өнері, сондай-ақ серіктестердің интерактивті аймақтары ұмытылмас әсерлер сыйлады. Бұл демалу, пікір алмасу және жағымды эмоция алу үшін тамаша орын болды.

«Turkistan Marathon үш жылдан бері әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған жүгірушілерді жинап келеді. Бұл тек спорттық оқиға емес, Қазақстанның тарихы мен мәдениетімен танысуға арналған ерекше мүмкіндік. Марафон қатысушылары тек қашықтықты бағындырып қана қоймай, ежелгі қаланың атмосферасына енеді. Біз Turkistan Marathon-ның жыл сайынғы спорттық шараға айналатынына сенімдіміз», — деп атап өтті «Бірінші болу – батылдық» қорының атқарушы директоры Салтанат Казыбаева. 

Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың 10 қарашасында Таразда өтетін Taraz City Run — жүгіру маусымының қорытынды бәсекесіне тіркелу жалғасуда. Тіркелу almaty-marathon.kz сайтында ашық.

Титулдық демеуші: Kaspi.kz

Turkistan Marathon ұйымдастырушылары: «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры, «Krida» фитнес-клубы, Академик Ш. Есенов атындағы Ғылыми-білім беру қоры және мультиспорттық #Другой ты Youtube-арнасы.

Jañalyqtar
Taraz City Run: маусымның соңғы жарысы әлемнің 14 елінен 1500 қатысушыны жинады
Turkistan Marathon: әлемнің 21 елінен 3000 спортшы ежелгі қала көшелерімен жүгірді
27 қазанда Түркістандағы жолдардың бір бөлігі жабылады