Жүгіру жүрекке пайдалы кардио жаттығуларының танымал түрі, алайда кейбір күмәнданушылар оның жүрек пен қан тамырларына зияны бар деп жиі қорқытады. Кардиологпен жүгірудің қаншалықты зиянды екенін, денсаулықты сақтау және жүрек мәселелерін болдырмау туралы сөйлесеміз.

Қашан жүгіру жүректі сауықтырады

Жоғары санатты кардиолог, Алматы қалалық кардиологиялық орталығының РЭОБ бөлімшесінің меңгерушісі және Қазақстанның интервенциялық кардиологтар қоғамының президенті Оразбек Сахов дұрыс жүгіру жүрек-қантамыр ауруларының алдын алудың тамаша тәсілі бола алатынын атап өтеді:

«Егер адамның ауыр дерті болмаса, өзін жақсы сезінсе, жүгіру қауіпсіз ғана емес, пайдалы да болмақ. Жүйелі түрде жүгіру "нашар" холестерин деңгейін төмендетуге, қан қысымын тұрақтандыруға және қан тамырларының жалпы жағдайын жақсартуға көмектеседі».

Дегенмен, әр нәрсенің өз орнымен болғаны жөн. Жүгірудің пайдалы болуы үшін оған «ақылмен» қарау маңызды.

«Ең бастысы тепе-теңдікті сақтау: өзіңізге шамадан тыс салмақ түсірмеңіз, ағзаның қалпына келуіне мүмкіндік беріңіз, дұрыс тамақтаныңыз және жүктемені біртіндеп қана арттырыңыз. Егер сіз жаңадан бастаған болсаңыз, бірден марафон жүгіріп өтуге тырыспай, жүктемені біртіндеп көбейтіп, ағзаңызды тыңдаңыз», — деп түсіндірді кардиолог.

Қан тамырларын қалай тексеруге болады?

Медициналық тексеру — оқу мен жұмысқа орналасудың белгісі ғана емес, әрбір спортшының тікелей міндеті.

Біз тек жүгіру емес, жалпы кез келген спорт түрімен жүйелі түрде айналысуды бастамас бұрын алғашқы тексеруден өтуді ұсынамыз. Ол жалпы қан талдауы, электрокардиограмма (ЭКГ), жүректің УДЗ, терапевт немесе кардиологтың тексеруі. 40 жастан асқан адамдарға физикалық белсенділікпен бірге ЭКГ жасаған жөн бұл жүректің жаттығу кезіндегі жұмысын көруге мүмкіндік береді. Бұл көп уақыт алмайды, бірақ сенімділік береді», — деп түсіндірді Қазақстан интервенциялық кардиологтар қоғамының президенті.

Егер шағымдар болмаса, толық тексеруден екі жылда бір рет өту жеткілікті. Ал 40 жастан асқан жүгірушілердің маманға жыл сайын қаралғаны дұрыс.

Белгілерді елеусіз қалдырмаңыз

Оразбек Саховтың айтуынша, сезіле қоймайтын ахуалдар болған күннің өзінде де жүрек әдетте белгі (ентігу, жүрек қағысының бұзылуы, кеудедегі ауырсыну) береді. Жауапкершілігі жоғары жүгірушілер мұндай жағдайда бірден дәрігерге барады:

«Көбінесе жүгірушілер жүрек соғысының бұзылуы, кеудедегі жайсыздық, жүгіруден кейінгі бас айналу немесе қатты шаршағыштық сияқты шағымдармен келеді. Біз тексеру жүргіземіз, себебін түсіндіреміз және әрі қарай не істеу керектігін айтамыз. Кей кездерде ағзадағы ауырпашылықтар қорқынышты емес — адам дұрыс жаттықпаған немесе ағзасын артық жүктеген болып шығады. Ең бастысы ағзаңызға құлақ асып, белгілерге назар аудару».

Ерекше мән беретін нәрсе — пульс. Көптеген жаңадан бастаушылар жіберетін қателіктің бірі — бар күшін салып, өте жоғары пульспен жүгіру.

«Орта есеппен жеңіл жүгіру кезінде қауіпсіз пульс минутына шамамен 120-150 соққыны құрайды. Бұл көрсеткіш жас пен дайындық деңгейіне байланысты өзгереді. Егер ауыр жаттығусыз пульс күрт көтеріліп, 170-180-нен асып кетсе, онда ойланатын себеп әрі қарқыныңызды азайту қажет деген белгі. Ең қарапайым ереже егер жүгіру кезінде сөйлей алсаңыз, онда дұрыс қарқында жүгіріп келесіз», — деп түсіндірді жоғары санатты кардиолог.

Жаттығуларға қарсы көрсетілімдер

Оразбек Сахов жүгіруге тыйым салынатын 10 жағдайды атап өтеді.

  1. Жақында болған миокард инфаркті (6 ай ішінде). Жүгіру қайталама инфаркт не аритмияны тудыруы мүмкін.
  1. Тұрақсыз стенокардия (инфаркт алдындағы күй-жай). Физикалық жүктеме миокард инфаркті немесе өмірге қауіп төндіретін аритмияларға әкелуі мүмкін.
  2. Әртүрлі себептер салдарынан ауыр жүрек жеткіліксіздігі (NYHA жіктемесі бойынша III–IV функционалдық класс). Жүрек тіпті тұрмыстық жүктемелерді де көтере алмайды. Белгілері: тыныштықтағы демігу, аяқ-қолдардың ісінуі, асқынған жағдайларда — өкпеде және құрсақ қуысында сұйықтықтың жиналуы.
  3. Бақыланбайтын аритмия (жоғары ЖСС бар жүрекшелер фибрилляциясы, қарыншалық тахикардия және т.б.). Ырғақтың нашарлауы, есінен тану, кенеттен қайтыс болу қаупі бар.
  4. Хирургиялық түзету жасалмаған маңызды жүрек қақпақшаларының кемістігі. Әсіресе — аорталық және митралдық қақпақшаның стенозы, ауыр аорталық регургитация.
  5. Артериялық қысымның қатты көтерілуі (≥180/110 мм с.б.). Мұндай сандармен жүгіру инсульт немесе гипертониялық криз тудыруы мүмкін.
  6. Жедел миокардит, перикардит, эндокардит. Жүректің қабынуы кез келген жүктемені қауіпті етеді.
  7. Аортаның немесе басқа ірі тамырлардың аневризмасы. Жүгіру кезінде қысымның көтерілуінен тамыр жарылып кету қаупі бар.
  8. Жуырда жүрекке немесе қан тамырларына жасалған операциялар (дәрігердің рұқсатынсыз). Толық қалпына келгенге дейін жүгіруге тыйым салынады.
  9. Ми қанайналымының айқын бұзылыстары. Мысалы, жақында болған инсульт кезінде.

«Кейбір жағдайларда дәрігердің рұқсатынсыз жүгіруге болмайды, бірақ тіпті мұндай кезде де көбіне жүріп серуендеуге немесе жеңіл спорт түрлерімен айналысуға болады. Ең бастысы – өз бетінше шешім қабылдамай, маманнан кеңес алу», — деп түйіндеді Оразбек Сахов.

Дәрігерлер мен жаттықтырушылардың ұсыныстары сақталған жағдайда жүгіру жүрек-қантамыр ауруларының ең тиімді алдын алу тәсіліне айналуы мүмкін. Медициналық тексерулерден қалмаңыз, дұрыс жаттығыңыз, ағзаңызды тыңдаңыз және дайын болсаңыз — жарыстарға қатысыңыз!

 

Jañalyqtar
Алматы мен Астанада заттар мен қайталама шикізатты қайда тапсыруға болады?
Балалар жүгірісі және ересектерге арналған эстафета: 2025 жылғы Summer Relay Алматыда қалай өтті
Summer Relay 2025: 26 шілде күні Алматыда кешкі жүгіру жарысы өтеді