Алматыда тегін жүгіру жаттығулары басталады

2026 жылдың 18 наурызнан бастап Алматы қаласында барлық ниет білдірушілерге арналған тегін жүгіру жаттығулары басталады. Сабақтар ірі қалалық жарыстарға дайындық аясында, «Бірінші болу — батылдық» корпоративтік қорының ұйымдастыруымен өтеді.
Жаттығулар аптасына екі рет Орталық стадион аумағында өтеді: сәрсенбі күндері сағат 19:30-да стадионның ішінде, ал сенбі күндері сағат 10:00-де оның айналасында. Қатысу тегін және алдын ала тіркелуді талап етпейді.
Бағдарлама жаңадан бастаған жүгірушілерге және үзілістен кейін жаттығуға қайта оралатын жандарға арналған. Қатысушылар жүгірудің негізгі техникасын меңгеріп, дұрыс қыздыру мен қалпына келтіру жаттығуларын орындауды үйренеді, жүктемені тиімді бөлу қағидаларымен танысады, сондай-ақ жабдық пен тамақтану бойынша ұсыныстар алады. Мұндай формат алғашқы қашықтықтарға біртіндеп әрі қауіпсіз дайындалуға мүмкіндік береді.
Қосымша ретінде «Open Run by Almaty Marathon» Telegram-арнасында дайындық, қалпына келу және денсаулық туралы ақпараттар жарияланып отырады. Бұл қатысушыларға жаттығу үдерісін сабақтан тыс уақытта да жүйелі түрде жүргізуге көмектеседі.
Тегін жаттығулар «Бірінші болу — батылдық» корпоративтік қоры тарапынан 2016 жылдан бері өткізіліп келеді және қалалық жүгіру мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналды. Олар алматылықтарға жүгіруді қолжетімді әрі түсінікті форматта бастап, жаппай жарыстарға дайындалуға мүмкіндік береді.
«Тек өткен жылдың өзінде біздің іс-шараларға 40 мың адам қатысты. Біз жүгіруге деген қызығушылықтың артып келе жатқанын байқап отырмыз, алайда көпшілігі әлі де неден бастау керектігін білмейді. Сол себепті біз тегін жаттығулар форматын дамытып келеміз – мұнда қатысушылар дұрыс жүгіруді, жүктемені тиімді бөлуді және жарақаттың алдын алуды үйренеді. Біз үшін тек жарыстарға дайындау емес, адамдарға жүгіруді өмір салтына айналдыруға көмектесу маңызды», – дейді «Бірінші болу — батылдық» корпоративтік қорының атқарушы директоры Салтанат Қазыбаева.
Сонымен қатар қауымдастық форматы да дамып келеді – әр жексенбі сайын білім беру дәрістерімен бірге Community Almaty Run ашық жүгірулері өтеді. Бұл – түрлі деңгейдегі қатысушылар бірге жаттығып, тәжірибе алмасатын орта.
Жаттығулар Алматы қаласы Спорт басқармасының және «Спорт – достық алаңы» бағдарламасының қолдауымен өтеді.
Жаттығулар мен ашық жүгірулер қатысушыларға жарыстар күнтізбесіне біртіндеп қосылуға мүмкіндік береді. Жақын арада Copa Speed Race 10K, Almaty Half Marathon және Astana Half Marathon өтеді. Сондай-ақ 2026 жылдың 27 қыркүйегінде өтетін мерейтойлық 15-ші Almaty Marathon жарысына тіркелу ашық.


