27 қыркүйекте Алматыда Орталық Азиядағы ең ірі жүгіру жарысы – Almaty Marathon өтеді. Биыл бұл марафон 15-ші рет ұйымдастырылып, 16 000 қатысушыны жинайды. Жарыстың басты қонақтарының бірі – жапондық марафоншы, 2018 жылғы Бостон марафонының жеңімпазы Юки Каваучи болады.

Каваучидің есімі әлемге 2018 жылы Бостонда жеңіске жеткеннен кейін кеңінен танылды. Қиын ауа райы жағдайында ол фавориттер мен кәсіби спортшыларды басып озып, марафон тарихындағы ең жарқын сенсациялардың біріне айналды. Оның ерекшелігі – сол кезде кәсіби спортшы болмағаны: мемлекеттік қызметте жұмыс істеп, жаттығуларды толық жұмыс күнімен қатар алып жүрген. Осы үшін ол «халық марафоншысы» деген бейресми атаққа ие болды.

Бүгінде Каваучи – әлемдегі ең танымал марафоншылардың бірі. Оның оқиғасы мыңдаған жүгірушіге шабыт береді. Оның Almaty Marathon-ға қатысуы жүгіру қауымдастығы үшін маңызды оқиға болып, жарыстың халықаралық мәртебесін арттырады және шетелдік медианың назарын аударады.

«Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қорының қамқоршылық кеңесінің төрағасы Ғалымжан Есенов Юки Каваучидің мысалы жүгірудің әр адамға қолжетімді екенін атап өтті:

«Бұл – мінез, жүйелілік және қозғалысқа деген сүйіспеншілік туралы оқиға. Біз үшін Almaty Marathon қатысушылары осындай мысалдардан шабыт алып, өздерін жаһандық жүгіру қауымдастығының бір бөлігі ретінде сезінуі маңызды. Біз әрдайым біздің жарыстарымыз – жынысына, жасына, физикалық мүмкіндіктеріне және басқа да ерекшеліктеріне қарамастан баршаға ашық орта екенін атап өтеміз».

Айта кетейік, 2026 жылы Almaty Marathon-ға 15 жыл толады. Осы уақыт ішінде ол жай ғана спорттық жарыстан шығып, қаланың экономикасы мен оған іргелес салаларға әсер ететін ауқымды жобаға айналды.

2024 жылы жүргізілген «Almaty Marathon-ның қала экономикасына әсері» атты зерттеуге сәйкес, марафон өтетін екі күн ішінде мыңға жуық қатысушы шамамен 8 млн теңгеге сауда жасайды. Ал серіктес компаниялардың салықтық төлемдері төрт жыл ішінде 318,9 млн теңгеден 873,9 млн теңгеге дейін өскен.

Жарыстардың өткізілуі спорттық қауымдастықтардың дамуына да әсер етеді: бүгінде Алматыда шамамен 40 жүгіру клубы жұмыс істейді. Олардың айналасында тамақтану, медицина және спорттық жабдықтар сияқты шағын бизнес пен туризмді қолдайтын тұтас экожүйе қалыптасқан.

2025 жылы қатысушылардың шамамен 10%-ы шетелден келді – 60 елден, оның ішінде Қытай, БАӘ, Германия, Түркия, Франция, Сингапур, Италия, Канада және Швейцария бар.

Жол шығындарын есептемегенде, қатысушылар орта есеппен 20 000–40 000 теңге (41%) немесе 50 000 теңгеден жоғары (31%) қаражатты тамақтану, сатып алу және ойын-сауыққа жұмсайды.

Қала сыртынан және шетелден келген қатысушылардың 79,3%-ы Алматыға қайта келуді жоспарлап отыр. Әлемдік тәжірибеде мұндай сапарлар көбіне ұзақ мерзімді шешімдерге – қайта келуге немесе инвестиция салуға алғашқы қадам болады.

Марафонға деген халықаралық қызығушылық зерттеулер деңгейінде де расталады: Almaty Marathon Mastercard және Almaty Tourism Bureau бірлесіп дайындаған Алматының туристік әлеуетіне арналған зерттеуге енгізілген. Зерттеуде ірі іс-шаралар, соның ішінде спорттық жарыстар, туристер ағыны мен қаладағы шығындардың өсуіне тікелей әсер ететіні атап өтіледі.

Айта кетейік, биыл марафон 27 қыркүйекте өтеді және 16 000 қатысушыны жинайды. Жыл сайын сөрелік жарналардан түскен қаражаттың бір бөлігі қайырымдылыққа бағытталады. 2012 жылдан бері әлеуметтік және медициналық бастамаларға бағытталған жалпы сомасы 300 миллион теңгеден асатын 30-дан астам жоба жүзеге асырылды. Тіркелу almaty-marathon.kz сайтында ашық.

Jañalyqtar
Орталық Азияда алғаш рет: жапондық Юки Каваучи – Бостон марафонының жеңімпазы Almaty Marathon-ға қатысады
Алматы облысында Орталық Азиядағы алғашқы жарыс автодромда өтті
Алматыда тегін жүгіру жаттығулары басталады