Спорттың өміріңізге қаншалықты маңызды екені және оның тек физикалық даму үшін емес, сонымен бірге психологиялық және рухани даму үшін қажеттілігі туралы қаншалықты жиі ойланасыз? Біздің мақала кейіпкерлер сияқты спортты сүюге дайынсыз ба? Спорт біртіндеп біздің өміріміздің ажырамас бөлігіне айналып отыр.

«Бірінші болу батылдық» Корпоративтік Қорының ең спортсүйгіш қызметкерлері, «Алматы марафон» жарысының ұйымдастырушыларымен сұхбат:

Салтанат Қазыбаева – атқарушы директор,  Артём Якупов пен  Раушан Жанаева  - жоба менеджерлері.

  

Алғашқы «IRONMAN», орнатылған рекорд, тәуелділік, жаттығулар мен спорттан тыс жұмыс күндерін салыстыру жайында...

Биыл Эстонияның шығармашылық орталығы Таллин қаласында алғаш рет IRONMAN спорттық жарысын өткізді. Кең ауқымды жобаға әлемнің 50 елінен 1500 триатлет барған. Қазақстан атынан қатысқан 5 спортшының арасында «Бірінші болу батылдық» Корпоративтік Қорының атқарушы директоры Салтанат Қазыбаева да болды.

Таллинде Салтанат мәреге 11-ші болып жетіп, өз жас санатындағы әйелдердің алғашқы жиырмасына ілікті. Оның мансабындағы алғашқы толық IRONMAN деңгейі үшін мәре уақыты (11:03:36) Қазақстанның барлық триатлоншы қыз-келіншектеріне үлгі болса, біздің еліміз үшін жаңа рекорд болып тіркелді. 

- "Бұл – мен еңсерген алғашқы толық IRONMAN қашықтығы. Бұған дейін мен Астанадағы жарыстарды, сонымен бірге олимпиада қашықтықтарын, спринттерді қоса алғанда үш жартылай IRONMAN еңсерген едім. Таллиндегі жарысқа қатысуға бір жыл бұрын тіркелдім. Осы уақыт ішінде сөреге дайындалдым ", - дейді Салтанат.

- «Мен енді спортқа бар күш-жігерімді арнап отырмын. Сүйікті ісімді жарты жолда тастағым келмейді. Бұл дағды мен әдетке айналды. Триатлонмен айналыспай, жаттығуларға бармаған уақыттарда менің ағзам оны қажет етеді», - деп «IRONLADY» өзінің осындай ойларымен бөлісті.

 

- «Көп адамдар мені күні бойы тек жаттығумен айналысады деп ойлайды. Алайда, бұл мүлдем олай емес. Мен бұған дейін де кеңседе жұмыс істедім, қазір де үлкен әкімшілік жұмыстарды атқарып жүрмін, тасымалдаушылар, тұтынушылар, серіктестерімен өзара жұмыс істеймін. «Алматы марафонына» жетекшілік етемін. Мұнда да қағазбастылық көп. Біздің тобымыз айтарлықтай үлкен және жоба жетекшісі ретінде менің үйлестіріп отыруым аса қажет.

Мен кітап оқығанды және саяхаттағанды ұнатамын. Мотоцикл айдағанды ұнататын едім, алайда велосипедке отырып, одан бас тартуға тура келді. Дауылпазда ойнап үйренгім келеді. Жалпы айтқанда, мен тек спортты ойлаумен шектеліп қоймаймын», - Салтанат өзінің сүйікті істері жайында айтқан сөзінде осылай дейді.

Қарапайымдылық, ең жақсы психолог, алғашқы махаббат және бүлдіршініңді ұйықтатқаннан кейін немен айналысуға болатыны жайында...

Ірі спорттық іс-шараларды ұйымдастырудан бөлек, Артём спортпен белсенді түрде шұғылданады.

«Мен жүгіру және триатлонмен кезек-кезек айналысамын. 2013 жылы жүгіруді бастадым және әлі күнге дейін осы спорт түрі мен үшін маңыздылығын сақтап отыр. Ал, жүзу мен велоспорт оны толықтырады. Мен өз алдыма жиі жүгіруден мақсаттар қоямын. Алайда, 2018 жыл триатлонға арналып, жылдың бірінші жартысы жүгіру, велоспорт, жүзу бойынша жаттығуларға арналды»,- дейді ақжарқын Артём өзінің сүйікті спорты туралы сөзінде. «Мамырда өзімнің 5-200-50 челленджімді орындадым. Ол белгілі IRONMAN триатлондық жарысындағы қашықтықтан да көп. Маған асыра салмақ кезінде адамның қандай әсерде болатынын білу қызық болды. Бір күнде 5 км жүзу, 200 км тас жол велосипеді және 50 км жүгіру тәрізді үлкен қашықтықты еңсеру мақсатын қойдым».  

Сұхбат кезінде Артём жүгіру туралы тебіреніп, айрықша сүйіспеншілікпен айтады... –«Жүгіру өзінің қарапайымдылығымен тартымды. Онымен айналысу үшін небәрі далаға шығу жеткілікті. Әрине, ерте ме, кеш пе, жақсы кроссовка, арнайы киім, GPS-сағат керек болады. Дегенмен, жаттығуды бастау үшін ештеңенің қажеті жоқ. Мен жарты жыл жүгіруге арналмаған ескі кроссовкамен жүгірдім. Ол кезде қашықтық, ырғақ және уақыт туралы түсінігім аз болатын».


- «Жүгіру – бұл ең жақсы психолог, оның көмегімен көптеген ішкі күйзелістер мен қиындықтарды шешуге болады. Мен кей кездері жүгіруді селқос, көңілсіз бастап,ал бірсарынды қозғалысты қайталаудан кейін күрделі мәселелердің себебін анықтап, олардан шығар жол тауып, бір сағаттан кейін саябырсып, тынышталып ораламын. Тағы бір айтарым, жүгіру маған күшті әрі төзімді болуға септігін тигізеді. Бірде бір спорт түрінен жүгіруден алатын ләззатқа кенеліп көрген емеспін. Тіптен шаршаған күйімде қажетті қашықтықты еңсере аламын» - дейді Артём.

Алматы – менің алғашқы махаббатым. Алмасы мол қала тұрғындарының көбі оны осылай әспеттейді. Жүгіруге әркез шыққан сайын, шаһардың көшелері мен жолдары өзге қырынан көрінеді. Артём де мұнымен келіседі:

- «Жүгіру қаланы өзгеше қырынан аша түседі. Алматы және оның айналасында мен жүгіріп өтпеген аудан қалмаған шығар. Ұзақ кросстар күтпеген жерлерге жеткізуі ғажап емес. Ал, қала орталығында су бұрқақтары мен көше шамдары жанғанда кешкі уақытта жүгіру  - ұйықтар алдындағы сүйікті істерімнің бірі». 

Әбден шыныққан желаяқ пен марафоншыдан лайфхак. 

- «Жүгіруді тастамау және оны жүйелі түрде орындау үшін жүгіру кестесін жұмыс кестесіндей етіп жоспарлау маңызды. Егер таңертең жүгіретін болып шешсеңіз, дәлізде барлық заттарыңызды алдын ала жинап алыңыз. Бұл тез киініп, тез далаға шығуға мүмкіндік береді. Мен жиі кешкі сағат 10-нан кейін жүгіремін. Ал, бұл уақытқа дейін қызымды ұйқыға жатқызып, үйдегі істерімді бітіремін. Сізге және жақындарыңызға ыңғайлы уақыт таңдау маңызды».

 Ерлер кроссфитіндегі нәзіктік, Даун синдромы мен бел омыртқаны шынықтыру жайында...

 

Раушан – команда филантропы, ол біздің жобалар үшін қайырымдылық мақсаттарын тауып және олардың іске асырылуын қадағалап қана қоймай, сонымен бірге белсенді түрде спортпен шұғылданады.

- « Қазір мен кроссфитпен айналысамын және атқа мінемін.

Кроссфит – ол өте тиімді спорт түрі. Маған оның бұлшықеттердің барлық тобына әсер етуі ұнайды. Оның негізінде жеке салмақпен жұмыс жатыр және оның бәрін уақтылы орындау қажет. Еріншек адам ретінде, бұл маған пайдалы. Өйткені, бір сағат ішінде денемнің әрбір бұлшықетін жаттықтырамын.

Ал, атқа міну – балалық шақтан бергі сүйікті ісім. Атам жылқы өсіретін. Сол себепті, мен кішкентай кезімде атқа мініп өстім деуге болады. Осы жануарға деген сүйіспеншіліктен мен олардың етін жемеймін. Атқа міну ағзаға пайдалы, ол тіптен Даун синдромы және аутизм тәрізді күрделі аурулар кезінде де көмектеседі. Бұл ретте әуесқой атқа міну және ат спорты түрлерінің бір-бірінен ерекшеленетінін білген жөн. Соңғысымен айналысуға медициналық көрсеткіштерге орай тыйым салынуы мүмкін. Ал, әуесқой атқа мінуге, керісінше, дәрігерлер кеңес береді. Оның көп тұрғыдан пайдасы мол. Маған келер болсақ, атқа міну күйзеліс, шаршаудан арылуға және арқамды тік ұстауға көмектесетінін атап өткім келеді».  

Раушан неліктен ерлердің кроссфиті өзінің сүйікті спорт түріне айналғаны туралы пікірімен бөлісті:

- «Протрузияға шалдыққандықтан,    мен үшін кроссфит арқылы бел омыртқаны шынықтыру маңызды. Бұл спорт түрімен айналыса бастауымның себебі де осы. Жалпы айтқанда, кез келген жаттығудан кейін бұлшықеттерді созу маңызды. Кроссфит маған әркез өзге спорт түрлерінде кездеспеген көңіл-күй сыйлайды. Осы арқылы қуатты адреналин алып, өз қабілетіңе деген сенімділік пайда болады» - дейді Раушан.  

Жоғарыда айтылғандар  - әр кейіпкердің өміріндегі күш-жігер, жаттығу мен тәртіптің аз бөлігі ғана. Спорт – бұл бар жүрегіңмен сеніп, жақсы көруге және құрметтеуге тұрарлық нағыз дін. Спорт міндетті түрде жақсы нәтижелерге жеткізеді, ал мінез-құлықты шынықтыру өмірдегі кедергілерді жеңуге көмектесеп, тек алға жетелейді! 

 

Осы күзде әуесқой жүгірушілерді Алматыда бірнеше қызықты жүгіру жарыстары күтіп тұр:

-          29 қыркүйекте сұлу, спортсүйер ханымдар үшін Әйелдер арасындағы жүгіру жарысы өтеді. Өтетін орны: «Атакент» ҚІЫО саябағы. Қашықтық: 8 км.

 

-          14 қазанда алғашқы Алматы жартылай марафоны өтеді. Жарыс сөресі: Тұңғыш Президент Саябағы. Мәре: Орталық стадион. Қашықтықтар: 21,1 км және 10 км.

 

-          10 қараша  - жыл сайынғы Күзгі жүгіру жарысы. Алғаш рет Сайран өзенінде өтеді.

 

Салауатты өмір салтынан шабыт алып, сөреге шығыңыз.

Jañalyqtar
Taraz City Run: маусымның соңғы жарысы әлемнің 14 елінен 1500 қатысушыны жинады
Turkistan Marathon: әлемнің 21 елінен 3000 спортшы ежелгі қала көшелерімен жүгірді
27 қазанда Түркістандағы жолдардың бір бөлігі жабылады