27 қыркүйекте Алматыда Орталық Азиядағы ең ірі жүгіру жарысы – Almaty Marathon он бесінші рет өтеді. Жарысқа 60-тан астам елден 16 мың қатысушы қатысады. Ұйымдастырушысы – «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры. Мерейтойлық марафонға орай барлық қашықтықтардың бағыттары толықтай жаңартылды. 42,2 шақырымдық марафон алғаш рет бір айналыммен өтеді, ал оның екінші бөлігі Алматының орталық көшелері мен тарихи бөлігін қамтиды. Қатысушылар Абай алаңынан бастау алып, Республика алаңында мәреге жетеді.

Almaty Marathon бағдарламасына дәстүрлі түрде төрт жеке қашықтық кіреді: 42,2 шақырымдық марафон, 21,1 шақырымдық жартылай марафон, 10 шақырымдық жүгіру және 10 шақырымдық скандинавиялық жүріс. Командалар үшін де Экиден эстафетасы ұйымдастырылады. Онда алты қатысушы марафон қашықтығын өзара бөліп жүгіреді. Барлық бағыттар World Athletics стандарттарына сәйкес сертификатталған.

Almaty Marathon 2012 жылдан бері өткізіліп келеді. «Бірінші болу – батылдық» атауымен ұйымдастырылған алғашқы қайырымдылық жарысына 2 500 адам қатысты. 15 жыл ішінде жүгірушілер саны алты еседен астам өсіп, марафон Қазақстандағы бұқаралық жүгіру мәдениетінің дамуына ықпал еткен маңызды жобалардың біріне айналды.

«15 жыл ішінде Almaty Marathon жыл сайынғы спорттық жарыс шеңберінен шығып, жүгіру мәдениеті мен оған байланысты инфрақұрылымның – клубтардың, мамандандырылған дүкендердің, спорттық медицинаның, спорттық жабдықтар мен жүгірушілерге арналған сервистердің дамуына ықпал еткен жобалардың біріне айналды. Сонымен қатар марафон Алматының халықаралық жүгіру картасындағы орнын нығайтуға көмектесті. Келесі кезең – спорттық туризмді дамыту, Қазақстанның әлемдік жүгіру қауымдастығындағы қатысуын кеңейту және қала мен оның тұрғындарына ұзақ мерзімді пайда әкелетін мұра қалыптастыру», – деді «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қорының Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Ғалымжан Есенов.

Мерейтойлық марафон Start Your Legacy ұранымен өтеді. Тұжырымдаманың негізінде қатысушылардың жеке жетістіктері мен Almaty Marathon-ның көпжылдық еңбегінен қалыптасатын мұра идеясы жатыр. Әр қатысушы үшін оның мәні әртүрлі: алғашқы бағындырылған қашықтық, жеке рекорд, жаттығуларға қайта оралу немесе жақындарына үлгі болу. Қатысушылар қашықтықта өз оқиғаларын қалыптастырса, марафон қаланың өмірінде де із қалдырады – жүгіру мәдениетін дамытады, қауымдастықты біріктіреді, қайырымдылық жобаларын қолдайды және Алматының халықаралық жүгіру картасындағы орнын нығайтады.

Almaty Marathon-ның арнайы қатысушысы ретінде 2018 жылғы Бостон марафонының жеңімпазы әрі Жапонияның ең танымал марафоншыларының бірі Юки Каваучи қатысады. Алдағы жарыс оның Орталық Азиядағы алғашқы өнер көрсетуі болмақ.

«Әлемдегі ең ірі марафондар әлдеқашан қала мәдениетінің бір бөлігіне айналды, Almaty Marathon да осы бағытта дамып келеді. Жаңа бағытты әзірлеу барысында Алматының жер бедерінің ерекшеліктері мен жүгірушілердің пікірлері ескерілді: биіктік айырмасы 550 метрден 300 метрге дейін қысқартылды, ұзақ көтерілістер мен тауға қарай басталатын сөре алынып тасталды. Жаңа бағыт қаланың ең танымал орындары арқылы өтіп, қатысушыларға Алматыны, оның сәулетін жаңа қырынан көруге және оңтүстік астананың ерекше атмосферасын сезінуге мүмкіндік береді», – деді «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қорының атқарушы директоры Салтанат Қазыбаева.

Қор тегін дайындық бағдарламаларын дамытуды жалғастыруда. 2016 жылдан бері команда ашық жүгіру жаттығуларын өткізіп келеді, ал 2025 жылы Community Almaty Run жобасын іске қосты. Бұл – жүгіру қауымдастығына арналған тұрақты жексенбілік жүгірулер мен дәрістер сериясы. Қатысушылар жаттықтырушылар және пейсмейкерлермен бірге жаттығып, қауіпсіз дайындық, денсаулық, дұрыс тамақтану және қалпына келу туралы көбірек біледі әрі өздері таңдаған қашықтықтарға дайындалады.

Қайырымдылық «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қорының негізгі бағыттарының бірі болып қала береді. Жыл сайын сөрелік жарналардың бір бөлігі әлеуметтік және медициналық жобаларды қолдауға бағытталады.

2012 жылдан бері қордың жалпы құны 500 млн теңгеден асатын 30-дан астам қайырымдылық жобасы жүзеге асырылды. Осы уақыт ішінде қайырымдылық бағдарламаларын қаржыландыру көлемі 2012 жылғы 292,5 мың теңгеден 2026 жылы 145 млн теңгеге дейін, яғни шамамен 500 есеге артты.

Әр жылдары мамандандырылған мектептер, интернаттар, балалар орталықтары мен хоспистер қолдау алды. Бұл мекемелерде спорт және воркаут алаңдары, сенсорлық бөлмелер, емдік дене шынықтыруға арналған кеңістіктер, сондай-ақ заманауи оңалту және медициналық жабдықтар пайда болды.

Соңғы жылдары басым бағыттардың бірі балалар денсаулығын сақтау болды. 2025–2026 жылдары қор AYALA қайырымдылық қорымен бірлесіп «Өмірге дем берейік» және «Әлемді көремін» жобаларын жүзеге асыруда. «Өмірге дем берейік» жобасының арқасында қан тамырлары патологиялары бар 50-ге дейінгі бала жыл сайын Қазақстанда қажетті ем ала алады. «Әлемді көремін» жобасы шала туған нәрестелердің ретинопатиясын ерте анықтау мен емдеуді дамытуға бағытталған. Мамандардың бағалауынша, алдағы 10–15 жыл ішінде бұл жоба 24 мыңнан астам баланың көру қабілетін сақтауға көмектеседі.

«Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қорының жарыстары Халықаралық марафондар мен жүгіру жарыстары қауымдастығының (AIMS) халықаралық күнтізбесіне енгізілген және Қазақстаннан осы халықаралық күнтізбеге енген жалғыз жүгіру іс-шаралары болып табылады. Сондай-ақ Almaty Marathon Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстандағы ірі марафондарды біріктіретін түркі халықтарының марафондар альянсы – TAN (Turkic Alliance of Long Runs) құрамына кіреді.

Тіркелу almaty-marathon.kz ресми сайтында ашық.

Бас демеуші: Kaspi.kz

Almaty Marathon Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өтеді.

Ұйымдастырушылар: «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры, KRIDA фитнес-клубы және академик Ш. Есенов атындағы ғылыми-білім беру қоры.

Jañalyqtar
Мерейтойлық Almaty Marathon жаңа бағыттармен өтіп, 16 мың қатысушыны жинайды
Алматының тарихи орталығындағы кешкі жүгіру жарысына 1300 адам қатысты
Summer Relay 2026: аптап ыстыққа байланысты балалар қашықтықтары қысқартылады