31 қазан 2022

Жарыс сөресі Visit Turkistan аумағында берілді.

2022 жылғы 30 қазанда, жексенбі күні Түркістан қаласында Turkistan Marathon 2022 алғашқы марафоны болып өтті, оны ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ-ның қолдауымен «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры мен «Super Sapienz» ЖШС командасы ұйымдастырды.

Әлемнің 20-дан астам елінен келген 2000 әуесқой спортшы Түркістанның көрікті жерлерін аралай, «Керуен Сарай» жаңа туристік кешенінің жанынан әуежайға қарай жүгіріп өтіп, мәреге қайта оралды.

Жарыс сөресінде барлық қатысушыларды Түркістан облысының әкімі Сатыбалды Дархан құттықтады, сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков сөз сөйледі.

Естеріңізге сала кетейік, трасса ресми түрде World Athletics стандарттарына сәйкес сертификатталған.

Таңғы сағат 7:30-да сөреден бірінші болып шараның ең кішкентай қатысушылары – 10-14 жас аралығындағы балалар 3 км қашықтығына жүгіріп шықты.

3 км қашықтығына қатысушылардың барлығы мәреге жеткеннен кейін, сағат 08:20-да марафоншылар жарысы басталды. 42 км қашықтығында ерлер арасында Уткиров Бахтиёр (Өзбекстан) жеңімпаз атанды. Оның мәреге жету уақыты – 2 сағат 25 минут 34 секунд. Әйелдер арасында ең жылдам жүгіруші атанған Айдосова Диана (Қазақстан) өз қашықтығын 3 сағат 08 минут 54 секундта жүгіріп өтті.

Марафоншылардан кейін сағ. 8:25-те жартылай марафоншылар, ал 8:30-да 10 км қашықтығына қатысушылар мен скандинавиялық жүріс қатысушылары сөреге шықты. Жартылай марафонда ерлер арасында 1 сағат 3 минут 43 секунд нәтижесімен Ахмадеев Ринас (Татарстан) бірінші болып келді. Әйелдер арасында Қалилқызы Айнұсқа (Қырғызстан) жеңімпаз атанды.

10 км қашықтығында ерлер арасында Жанарыстанов Ержан (Қазақстан) бірінші болып мәреге жетті. Оның мәреге жету уақыты – 32 минут 23 секунд. Әйелдер арасында 34 минут 25 секунд нәтижесімен Нерознак Татьяна (Қазақстан) бірінші болып мәреге жетті. Жарыс нәтижелерін https://www.almaty-marathon.kz/ru/results/turkistan_marathon_2022 сайтынан көруге болады.

Абсолюттік есепте және жас санаттары бойынша топ жарған жеңімпаздар 4 000 000 теңгеден астам ақшалай жүлде қорын өзара бөлісті.

– Осы таңғажайып қалада жарыстар өткізу дәстүрімізге айналады деп сенеміз. Түркістан бізді тамаша ауа райымен және керемет, ерекше атмосферасымен қарсы алды. Еліміздің түрлі қалаларында шаралар өткізу арқылы ұлттық туризмді дамытуға үлес қосып отырғанымызға қуаныштымыз, – деді «Бірінші болу – батылдық» КҚ директоры Салтанат Қазыбаева. – Соңғы жылдары қаланың инфрақұрылымы жақсарды, бұл үшін қала әкімдігіне ерекше алғыс айтамыз. Барлық қатысушылар мұнда жақсы уақыт өткізді деп үміттенеміз.

Мәреден кейін барлық қатысушыларды сахнада музыкалық топтардың өнер көрсетуімен және жарыс жеңімпаздарын марапаттаумен үлкен ойын-сауық бағдарламасы күтіп тұрды. «Bugarabu» барабаншылар тобының, сондай-ақ қазіргі этникалық музыка жанрындағы «Steppe Sons» жетекші қазақстандық тобының өнер көрсетуі қатысушыларды бей-жай қалдырмады.

Сонымен қатар, жасы ең үлкен марафон қатысушылары ерекше атап өтілді. 75 жастағы Марат Балтабаев өзінің 80-ші мерейтойлық марафонын жүгіріп өтті.

Жарыстың бас серіктесі: Petro Kazakhstan, CNPC, ҚазМұнайГаз.

Естеріңізге сала кетейік, 13 қараша күні өтетін жүгіру маусымының соңғы жарысы – City Run-ға тіркелу жалғасуда. Барлық шараларға almaty-marathon.kz сайтында тіркелуге болады.

Turkistan Marathon 2022 ұйымдастырушылары: «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры, «World Class Almaty» фитнес клубы, Академик Ш. Есенов атындағы ғылыми-білім беру қоры, #Сеніңжаңақырың мультиспорттық Youtube-арнасы, сондай-ақ J-run жүгіру академиясы жүгіру жобасымен Super Sapienz командасы. Марафон Түркістан қаласы әкімдігінің қолдауымен өтті.

Сайтқа кіру
Восстановление пароля