19 сәуір күні Алматыда 44 елден 10 000-нан астам қатысушыны жинаған тоғызыншы Almaty Half Marathon өтті. Жарыс аясында жартылай марафон тарихындағы рекордтық көлемде екінші шикізат жиналды – бұл 2025 жылмен салыстырғанда шамамен 5 есе көп. «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры ұйымдастырған іс-шара дәстүрлі түрде Қазақстандағы ірі жүгіру оқиғалары маусымын ашады.

Биыл ұйымдастырушылар экологиялық бастамаларға ерекше назар аударды. Фиништік қалашықта EcoNetwork-пен бірлесіп экологиялық аймақ ұйымдастырылып, қатысушылар пластик бөтелкелер мен алюминий банкілерін тапсыра алды. Жиналған екінші шикізат қайта өңдеуге жіберіліп, кейін интерьер заттары мен киім өндірісінде пайдаланылатын болады.

Жүгіру жарыстарында экологиялық тәжірибелер жүйелі түрде енгізілуде: 2019 жылдан бастап Almaty Marathon жарыстарында қатысушылар екінші шикізатты қайта өңдеуге тапсыра алады, ал алаңда сұрыптауға көмектесетін еріктілер жұмыс істейді.

Жалпы, жартылай марафон аясында 786,45 килограмм екінші шикізат жиналды, оның ішінде: қағаз және картон – 652,75 кг, пластик – 117 кг, алюминий – 5,6 кг және пленка – 11,1 кг. Бұл 2025 жылмен салыстырғанда 4,7 есе көп. Осылайша шамамен 0,8 тонна қалдық полигонға жіберілмей, қайта өңдеуге бағытталды.

Қатысушылардың бір бөлігі қайырымдылық бастаманы да қолдады: жарыс алдында жүгірушілер турникеттерге жылы киімдерін қалдырып, «Тепло» жобасының командасы оларды жинап, сұрыптап, мұқтаж жандарға жеткізді. Жобаны жыл бойы қолдауға болады – киім қабылдау жәшігі Ботаникалық бақтың кіреберісінде орналасқан.

«Біз ұйымдастырушылар ретінде іс-шаралардан кейін экологиялық іздің мүмкіндігінше аз қалуына тырысамыз және осы бағытта жүйелі түрде жұмыс істеп келеміз. Биыл біз рекордтық көлемде қайта өңделетін қалдық жинап, серіктестерімізбен бірге оның нақты нәтижесін көре алдық: қайта өңдеу 6-дан астам ағашты сақтауға, 13 000 литрден астам суды үнемдеуге және CO₂ шығарындыларын 1 100 кг-нан астам азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, пластикті қайта өңдеу шамамен 730 кВт электр энергиясын және 400 литрге жуық мұнайды үнемдеуге көмектеседі», – деді «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қорының атқарушы директоры Салтанат Қазыбаева. 

Айта кетейік, биыл Алматыға 821 шетелдік қатысушы (жалпы санының шамамен 8%-ы) келді, бұл жартылай марафон тарихындағы рекордтық көрсеткіш болды. Қатысушылардың басым бөлігі Қазақстан тұрғындары болғанымен, жарыстың географиясы жыл сайын кеңейіп келеді.

Қатысушылар саны бойынша алғашқы үш ел: Ресей (346), Қырғызстан (146) және Өзбекстан (81). Сонымен қатар жарысқа Қытай (37), АҚШ (32), Ұлыбритания (28), Украина (21) және Беларусь (18) елдерінің өкілдері қатысты. Іс-шара Азия, Еуропа, Солтүстік және Оңтүстік Америка, Африка және Таяу Шығыс елдерінен келген жүгірушілерді біріктірді.

Almaty Half Marathon 2026 нәтижелерімен іс-шараның ресми сайтында танысуға болады.

Еске салайық, 31 мамыр күні өтетін Astana Half Marathon жарысына тіркелу жалғасуда – ол Қазақстанның түкпір-түкпірінен жүгіру әуесқойларын біріктіреді.

Сонымен қатар 2026 жылғы 27 қыркүйекте өтетін 15-ші мерейтойлық Almaty Marathon – Орталық Азиядағы ең ірі жүгіру жарысына тіркелу ашық.

Jañalyqtar
Almaty Half Marathon-да рекордтық көлемде шикізат жиналды
Almaty Half Marathon 2026: көктемнің ең ауқымды жүгіру жарысы қалай өтті
Алматыда өткен жартылай марафонда Қытайдан келген қатысушы жарыс жолының жаңа рекордын орнатты