Қазақстанда алғаш рет: Astana Half Marathon-да қайта өңделетін стақандар пайдаланылды
7 маусым күні Астанада «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры ұйымдастырған бесінші мерейтойлық Astana Half Marathon өтті. Биылғы жарысқа әлемнің 30-дан астам елінен келген 7 000 қатысушы жиналып, жаңа экологиялық шешімдерді енгізу алаңына айналды. Қазақстандағы бұқаралық жүгіру жарыстарының тарихында алғаш рет қайта өңделетін пластикалық стақандар қолданылып, іс-шарадан кейін олар қайта өңдеуге жіберіледі.
Astana Half Marathon – елорданың ең ауқымды жүгіру жарысы. Спорттық бағдарламамен қатар ұйымдастырушылар іс-шараның экологиялық ізін азайтуға ерекше көңіл бөлді. Бұл шешімдер қордың бұқаралық іс-шараларды өткізудің тұрақты тәжірибесін дамыту жөніндегі жүйелі жұмысының бір бөлігіне айналып, қоршаған ортаға ұқыпты қарауға бағытталған «Таза Қазақстан» бастамасының идеяларын қолдады.
Трасса бойында және сөре-мәре қалашығында қалдықтарды бөлек жинау нүктелері ұйымдастырылып, интерактивті белсенділіктері бар экологиялық аймақтар жұмыс істеді. Ал жиналған қайталама шикізат ECO Network қолдауымен қайта өңдеуге жіберілді.
Негізгі экологиялық бастамалардың бірі – 100% қайта өңдеуге жарамды PET 1 пластигінен жасалған бір реттік стақандарды пайдалану болды. Олар жартылай марафонның бүкіл қашықтығында қолданылып, жарыс аяқталғаннан кейін одан әрі қайта өңдеу үшін жиналды. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, мұндай тәжірибе Қазақстандағы бұқаралық жүгіру жарысында алғаш рет жүзеге асырылды.
«Біз жарыстарымызда экологиялық тәжірибелерді жүйелі түрде енгізіп келеміз. Алматыда 2019 жылдан бері қатысушылар қайталама шикізатты қайта өңдеуге тапсыра алады, ал эковолонтерлер алаңда сұрыптауға көмектеседі. Биыл біз бұл тәжірибені Астанада ауқымдандырдық. Astana Half Marathon-да қайта өңделетін стақандарды пайдалану бұқаралық спорттық іс-шараларды ұйымдастырудың тұрақты тәсілін дамытудағы кезекті қадам болды», – деп атап өтті «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қорының атқарушы директоры Салтанат Қазыбаева.
Astana Half Marathon жарысындағы экологиялық жаңашылдықтарды ECO Network негізін қалаушы Евгений Мухамеджанов та атап өтті.
«Astana Half Marathon қала үшін спорттық қана емес, экологиялық маңызы бар оқиғаға айналып келеді. Биыл біз маңызды қадам жасап, 100% қайта өңдеуге болатын пластик стақандарды енгіздік. Мұндай тәжірибе бұқаралық іс-шаралардан кейінгі қалдық көлемін азайтуға көмектеседі және экологиялық шешімдердің ірі спорттық жарыстардың ажырамас бөлігі бола алатынын көрсетеді. Біз үшін қатысушылардың осындай бастамалар арқылы қалалық ортаға жауапкершілікпен қараудың жаңа мәдениетінің қалай қалыптасып жатқанын көруі маңызды», – деп атап өтті Евгений Мухамеджанов.
Айта кетейік, Astana Half Marathon жарысына 7 000 адам қатысты, олардың ішінде әлемнің 30-дан астам елінен келген 243 шетелдік жүгіруші болды. Шетелдік спортшылардың ең көбі Ресейден – 91 адам, Өзбекстаннан – 28 және АҚШ-тан – 17 адам қатысты. Сонымен қатар жарысқа Қытайдан – 15, Қырғызстаннан – 14, Франциядан – 11, Оңтүстік Кореядан – 6, Ұлыбританиядан – 6, Польшадан – 5 және Германиядан – 5 қатысушы келді. Жүгіру географиясы Азия, Еуропа, Солтүстік және Оңтүстік Америка, Африка, Таяу Шығыс және Мұхит елдерін қамтыды.
Жартылай марафон бағыты елорданың көрнекті орындары арқылы өтті: Тәуелсіздік алаңынан басталып, «Арқар» және «Сығанақ – Мәңгілік Ел» көпірлері арқылы «Ақорда» мен Есіл өзенінің жағалауын қамтыды, одан әрі «Бәйтерек», Abu Dhabi Plaza және EXPO нысандарының жанынан өтті. Бұл қатысушыларға Астананы жаңа қырынан көруге мүмкіндік берді.
Еске сала кетейік, 19 сәуірде өткен Almaty Half Marathon аясында қайталама шикізатты жинау бойынша рекорд орнатылып, жалпы көлемі 786,45 кг шикізат жиналды. Қайта өңдеуге 652,75 кг қағаз бен картон, 117 кг пластик, 5,6 кг алюминий және 11,1 кг үлдір жіберілді. Бұл – полигонға жіберілмеген шамамен 0,8 тонна қалдық.
Серіктестердің бағалауы бойынша, осындай көлемдегі қайталама шикізатты қайта өңдеу нәтижесінде 6-дан астам ағашты сақтауға, 13 000 литрден астам суды үнемдеуге, CO₂ шығарындыларын 1 100 кг-нан астам мөлшерге азайтуға, сондай-ақ шамамен 730 кВт электр энергиясы мен 400 литрге жуық мұнайды үнемдеуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ мерейтойлық 15-ші Almaty Marathon жарысына тіркелу жалғасуда. Іс-шараның арнайы қонағы Бостон марафонының жеңімпазы, танымал жапондық жүгіруші Юки Каваучи болады.
Astana Half Marathon Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Astana Half Marathon-ның бас серіктесі – Halyk Bank.
