7 маусым күні Астанада бесінші мерейтойлық Astana Half Marathon өтті. Жарысқа қатысушылардың қатарында олимпиада чемпиондары Серік Сәпиев пен Илья Ильин де болды. Олар Funduk Team инклюзивті командасына қосылып, пилот ретінде жарыс жолына шығып, елорданың ең ауқымды жүгіру жарыстарының бірінде ерекше қажеттіліктері бар қатысушыларды сүйемелдеді.

Astana Half Marathon аясында Funduk Team командасының 10 инклюзивті экипажы жарыс жолына шықты. Әр экипаж құрамында бір штурман – инклюзивті қатысушы және оған қашықтықты еңсеруге көмектескен үш пилот болды. Жалпы команда шамамен 40 адамды біріктірді.

Танымал спортшылардың қатысуы қолжетімді спортты дамыту және бұқаралық спорттық іс-шараларға инклюзивті қатысуды насихаттау бастамасының бір бөлігіне айналды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жобалар жүгіру мәдениетін барынша ашық етіп, ірі жарыстардың түрлі физикалық мүмкіндіктері бар адамдар үшін де қолжетімді бола алатынын көрсетеді.

«2012 жылдан бері инклюзивті спортты дамыту біздің қор жұмысының жүйелі бағыттарының бірі болып қала береді. Біз ірі спорттық іс-шаралардың түрлі физикалық мүмкіндіктері бар адамдар үшін қолжетімді болуына жағдай жасауға ұмтыламыз. Олимпиада чемпиондарының пилоттар ретінде қатысуы қолжетімді спорт тақырыбына қосымша назар аударуға және инклюзивті қатысу жүгіру мәдениеті мен бұқаралық спорттық іс-шаралардың табиғи бөлігі болуы тиіс екенін көрсетуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қорының Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Ғалымжан Есенов.

Жобаның серіктесі Funduk Life корпоративтік қоры болды. Оның тең негізін қалаушы Сергей Хо команданың басты міндеті – қоғамдағы инклюзивті қолдауды қабылдауды өзгерту және мұндай форматтың өзара ынталандыруға, қолдауға және тең қатысуға негізделетінін көрсету екенін атап өтті.

«Funduk қызметінің едәуір бөлігі қайырымдылық жобаларын ұйымдастырумен байланысты. Дегенмен біз көмекті аяушылық пен ауыр эмоциялар арқылы қабылдайтын қалыптасқан түсініктен алшақтағымыз келді. Біз әрбір қатысушы құндылық пен мотивация алатын өзара қолдау философиясын дамытып келеміз. Бір адам екіншісіне қашықтықты еңсеруге көмектеседі, бірақ сонымен бірге өзі де маңызды эмоциялық тәжірибе жинақтап, көптеген нәрсеге жаңаша қарай бастайды», – деп түсіндірді Сергей Хо.

Инклюзивті бастамаларды қолдау – «Бірінші болу – батылдық» қорының қайырымдылық қызметіндегі негізгі бағыттардың бірі. 2012 жылдан бері жалпы құны 300 миллион теңгеден асатын 30-дан астам қайырымдылық жоба жүзеге асырылды. Қаражат спорттық және оңалту инфрақұрылымын дамытуға, футбол алаңдарын, өрмелеу қабырғаларын және спорт алаңдарын салуға, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған арнайы жабдықтарды сатып алуға бағытталды.

Astana Half Marathon Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өтеді.

Astana Half Marathon-ның бас серіктесі – Halyk Bank.

Биыл Astana Half Marathon жарысына әлемнің 30-дан астам елінен келген 243 шетелдік жүгірушіні қоса алғанда, 7 000 адам қатысты. Жарыс жолына Азия, Еуропа, Солтүстік және Оңтүстік Америка, Африка, Таяу Шығыс және Мұхит елдерінің өкілдері шықты.

Сондай-ақ Орталық Азиядағы ең ауқымды жүгіру жарысы – Almaty Marathon марафонына тіркелу жалғасуда. Жарыс 2026 жылғы 27 қыркүйекте 15-рет мерейтойлық форматта өтеді. Марафонға almaty-marathon.kz сайтында тіркелуге болады.


Jañalyqtar
Серік Сәпиев пен Илья Ильин Astana Half Marathon жарысына параатлеттермен бірге қатысты
Astana Half Marathon 2026 шетелдік қатысушылар саны бойынша рекорд орнатты
Қазақстанда алғаш рет: Astana Half Marathon-да қайта өңделетін стақандар пайдаланылды