18 шілде күні Алматыда «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры ұйымдастыратын жазғы кешкі эстафеталық жарыс — Summer Relay өтеді. Биыл жарыс алғаш рет қаланың тарихи орталығы арқылы өтетін жаңа бағытта ұйымдастырылады. Барлық қашықтықтардың сөресі мен мәресі «Астана» алаңында орналасады.

Негізгі қашықтық ретінде 10 км командалық эстафета ұсынылады. Команда 15 жастан асқан бес қатысушыдан құралады, олардың әрқайсысы бір кезеңді бағындырады. Қатысушылар ерлер, әйелдер, аралас, корпоративтік немесе кәсіби санаттар бойынша сынға түсе алады.

Балалар үшін жеке жарыстар қарастырылған:
– 500 м – 4–5 және 6–8 жас аралығындағы қатысушыларға;
– 1000 м – 9–11 жас аралығындағы балаларға;
– 2000 м – 12–14 жас аралығындағы жасөспірімдерге арналған.

Summer Relay бағыты Алматының тарихи орталығы арқылы өтеді: қатысушылар Қазақстан Жазушылар одағының ғимараты, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы, аңызға айналған «Алматы» қонақ үйі, ақын Жамбыл Жабаевтың ескерткіші, Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театры және көрнекті мемлекет қайраткері әрі ағартушы Темірбек Жүргеновтің ескерткіші қасынан өтеді.

Мәреге жеткен барлық қатысушылар естелік медальдармен марапатталады. Әр санат бойынша жүлделі үштікке енген командаларға статуэткалар мен серіктестердің сыйлықтары табысталады. Ал PRO және Business санаттарының жеңімпаздарын ақшалай сертификаттар күтеді.

«Жаз мезгілі – жүгіру маусымының ең белсенді кезеңдерінің бірі. Көптеген қатысушылар күзгі жарыстарға дайындалып, аралық сөрелерде өз күштерін сынайды. Кешкі формат аптап ыстықта да жарыс жолына жайлы шығуға мүмкіндік береді. Тәжірибелі жүгірушілер үшін Summer Relay Almaty Marathon алдындағы дайындық деңгейін бағалаудың жақсы мүмкіндігі болса, жаңадан бастағандар үшін жарыс атмосферасымен танысып, команданың қолдауын сезінуге жол ашады», – деп атап өтті «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қорының атқарушы директоры Салтанат Қазыбаева.

Айта кету керек, бұқаралық жүгіру жарыстары қалалық экономика мен туризмнің маңызды бөлігіне айналып келеді. Jones & Associates Economics зерттеуіне сәйкес, 2025 жылғы Chicago Marathon марафонының экономикалық әсері рекордтық 756 миллион АҚШ долларын құрап, өткен жылмен салыстырғанда 7,5%-ға артқан. Іс-шараға 55 мыңнан астам қатысушы мен қонақ келіп, 5 мыңнан астам жұмыс орнының ашылуына ықпал етті.

«Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қорының 2019–2023 жылдар аралығында жүргізген зерттеуі де Almaty Marathon қатысушыларының қонақүйлер, мейрамханалар, көлік және басқа да қалалық қызметтерді белсенді пайдаланатынын көрсетті. Бар болғаны екі күн ішінде 1 000-нан аз қатысушы шамамен 7,9 миллион теңгеге сауда жасаған. Оның ішінде шығындардың 39%-ы басқа қалалар мен елдерден келген қонақтардың үлесіне тиесілі болған.

Сонымен қатар, Almaty Marathon жарысы Mastercard компаниясы мен Almaty Tourism Bureau бірлесіп дайындаған Алматы қаласының туристік әлеуетіне арналған зерттеуге енгізілді. Онда ірі спорттық және мәдени іс-шаралар туристер ағыны мен қонақтардың шығындарын арттыратын негізгі факторлардың бірі ретінде қарастырылады.

2025 жылы Almaty Marathon жарысына 60 елден 16 мыңнан астам қатысушы тіркелді, оның ішінде рекордтық көрсеткішке жеткен 1 363 шетелдік жүгіруші болды. «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қорының жарыстары Қазақстандағы халықаралық AIMS күнтізбесіне енген жалғыз жүгіру жарыстары болып табылады. Бұл қауымдастық әлемнің 115 еліндегі 445-тен астам марафон мен жүгіру жарысын біріктіреді.

27 қыркүйекте Алматыда 15-ші мерейтойлық Almaty Marathon өтеді. Биыл қатысушылар 2018 жылдан бері алғаш рет қаланың орталығы мен тарихи бөлігін қамтитын толық жаңартылған бағыт бойынша жарыс жолына шығады.

Summer Relay мен Almaty Marathon жарыстарына тіркелу almaty-marathon.kz сайтында ашық.

Summer Relay Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өтеді.

Jañalyqtar
Summer Relay 2026: аптап ыстыққа байланысты балалар қашықтықтары қысқартылады
Жаңа бағыт пен кешкі сөре: Алматыда Summer Relay 2026 өтеді
Алматы облысында өтетін Tau Jarys сөресіне 1 500 қатысушы шығады