Almaty Marathon мен ЮНЕСКО медиа және ақпараттық сауаттылықты дамыту науқанын бастайды

«Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры, Almaty Marathon ұйымдастырушысы және ЮНЕСКО-ның Алматыдағы Өңірлік кеңсесі бірлескен ақпараттық науқанды бастайды. Оның мақсаты – ақпаратты сыни тұрғыдан бағалау дағдыларын және спорттық іс-шараларда, күнделікті өмірде, соның ішінде ғаламторда да, өзара сыйластықпен қарым-қатынас жасау мәдениетін дамыту.
Науқан 2026 жылдың 27-ші қыркүйегінде өтетін 15-ші Almaty Marathon қарсаңында басталады. Ұйымдастырушылар 60-тан астам елден 16 000 қатысушының келуін күтуде.
Бастама аясында тәжірибелік ұсынымдар, сараптамалық мақалалар және қатысушылардың оқиғалары жарияланады. Бұл мақалалар жарыс басталар алдында параатлеттермен дұрыс әрі әдепті қарым-қатынас жасау, таптаурындарды тану, сондай-ақ қорлайтын немесе біржақты пікірлерге жауап беру жолдарын түсіндіреді.
ЮНЕСКО баршаға арналған медиа және ақпараттық сауаттылықты (МАС) және цифрлық құзыреттерді дамытуды қолдайды. Бұл адамдарға ақпаратқа сыни тұрғыдан қарауға, онлайн ортада қауіпсіз әрі жауапкершілікпен бағдарлануға, сондай-ақ ақпараттық экожүйеміз бен цифрлық технологияларға деген сенімді нығайтуға мүмкіндік береді. ЮНЕСКО тапсырысы бойынша Ipsos жүргізген 2023 жылғы сауалнамаға сәйкес, 16 елдегі 8 000 кәмелетке толған ғаламтор пайдаланушысының 56%-ы әлеуметтік желілерді жаңалықтар мен ақпараттың негізгі көздерінің бірі деп атаған. Сонымен қатар респонденттердің 85%-ы жалған ақпараттың ел тұрғындарына әсеріне алаңдайтынын білдірген.
«Жүгіру – қалалық мәдениеттің бір бөлігі: ол адамдарды біріктіріп, қауымдастықтарды қалыптастырады. Сондықтан Almaty Marathon сияқты іс-шаралардың білім беру әлеуеті зор. Біздің серіктестігіміз кең аудиториямен ақпаратты сыни тұрғыдан бағалау маңыздылығын талқылауға мүмкіндік береді. Бұл науқан спорт қауымдастығы мүшелері туралы қалыптасқан таптаурындар мен шындыққа жанаспайтын ақпараттың таралуына қарсы тұруға, сондай-ақ ғаламторда сыйластыққа негізделген қарым-қатынас мәдениетін дамытуға ықпал етеді деп үміттенеміз», – деді ЮНЕСКО-ның Алматыдағы Өңірлік кеңсесінің директоры Амир Пирич.
ЮНЕСКО-мен бірлескен науқан «Бірінші болу – батылдық» қорының спортта баршаға қолжетімді әрі өзара сыйластыққа негізделген орта қалыптастыру бағытындағы жұмысын толықтырады. Almaty Marathon ұйымдастырушылары тегін жаттығулар өткізеді, әйелдердің бұқаралық жүгіру жарыстарына қатысуын қолдайды және қатысушылардың әртүрлі қажеттіліктерін ескере отырып, инфрақұрылымды дамытады. Қайырымдылық жобалары да балалар үшін спортты, оңалтуды және медициналық көмекті қолжетімді етуге ықпал етеді. 2012 жылдан бері осындай 30-дан астам жобаға 500 млн теңгеден астам қаражат бағытталды.
«Almaty Marathon – бұл бір күн мен бір жарыстан әлдеқайда ауқымды дүние. 15 жыл ішінде оның айналасында қатысушылары бір-бірін жыл бойы қолдап отыратын қауымдастық қалыптасты. Біз үшін әр адамның жаттығу кезінде, жарыс жолында және әлеуметтік желілерде өзіне құрметпен қарайтынына сенімді болуы маңызды. ЮНЕСКО-мен бірге біз адамдарға бір-бірін жақсырақ түсінуге, әртүрлі қажеттіліктерді ескеруге және өз сөздері мен әрекеттеріне мұқият қарауға көмектескіміз келеді. Бұл – қауіпсіз әрі ашық спорт қауымдастығын қалыптастыру бағытындағы жұмысымыздың бір бөлігі», – деді «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қорының атқарушы директоры Салтанат Қазыбаева.
Жарияланымдар almaty-marathon.kz сайтында, сондай-ақ ЮНЕСКО Алматы ақпараттық ресурстарында және әлеуметтік желілердегі @almatymarathon және @unescoalmaty парақшаларында жарияланып отырады.

