44 елден 10 000-нан астам қатысушы: Almaty Half Marathon 19 сәуірде өтеді

19 сәуірде Алматыда «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры ұйымдастыратын Almaty Half Marathon тоғызыншы рет өтеді. Көктемгі жарысқа әлемнің 44 елінен 10 000-нан астам қатысушы жиналады.
Қатысушыларға дәстүрлі қашықтықтар ұсынылады: жартылай марафон (21,1 км), 10 км, 10 км (скандинавиялық жүріс) және командалық эстафета – Экиден. Жартылай марафонға 18 жастан асқан жүгірушілер қатыса алады, ал басқа қашықтықтарға – 15 жастан бастап.
Бағыт Алматының көркем көшелерімен, таулар көрінісімен өтеді: сөре – әл-Фараби даңғылы бойындағы Тұңғыш Президент саябағы маңынан басталып, мәре – Орталық стадионда орналасатын болады.
Жалпы жарысқа 44 елден 10 000-нан астам адам қатысады. Ең көп ұсынылған елдер – Ресей, Қырғызстан және Өзбекстан. Қатысушылар географиясы Еуропа, Азия, Солтүстік Америка, Австралия және Африканы қамтиды – олардың қатарында Франция, Германия, Канада, Оңтүстік Корея, Жапония, Австралия және Оңтүстік Африка Республикасы бар.
Жарыстың ұйымдастырушысы – «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры. Қор 2012 жылдан бері Орталық Азиядағы ең ірі жүгіру іс-шарасы – Almaty Marathon және басқа да бұқаралық жарыстарды өткізіп келеді. Қор ұйымдастыратын жарыстар халықаралық марафондар мен жүгірулер қауымдастығының (AIMS) күнтізбесіне енгізілген, ол 115 елдегі 445-тен астам іс-шараны біріктіреді, ал жартылай марафон трассасы World Athletics стандарттарына сәйкес сертификатталған.
«Бірінші болу - батылдық» корпоративтік қорының атқарушы директоры Салтанат Қазыбаеваның айтуынша, қатысушылардың қауіпсіздігін Алматы қаласы Полиция департаментінің өкілдері, жарыстың бас дәрігері және ұйымдастырушылар командасы қатысатын Іс-шараларды басқару орталығы қамтамасыз етеді, сондай-ақ «Сергек» бейнебақылау камералары қолданылады. Қашықтық бойында 13 веломедик, 90 медициналық волонтер, 8 медициналық пункт және 10 жедел жәрдем көлігі жұмыс істейді. Мәре қалашығында қызыл және сары аймақтарға бөлінген мәрелік госпиталь ұйымдастырылады. Жалпы алғанда медициналық көмекті қамтамасыз етуге 30-дан астам дәрігер мен орта буын мамандарын тарту жоспарланып отыр.
«Жүгіру жарыстарымыз қала экономикасына оң әсер етумен қатар, біз қатысушылар үшін жағдайды жүйелі түрде жақсартып келеміз: мәреде ана мен бала бөлмесі жұмыс істейді, ерлер мен әйелдерге арналған бөлек дәретханалар қарастырылған, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы дәретханалар орнатылады — Қазақстандағы жүгіру жарыстарын ұйымдастырушылар арасында бұл тәжірибені алғашқылардың бірі болып енгіздік. Сонымен қатар волонтерлік қозғалысты дамытып келеміз — биыл қашықтық бойында қатысушыларға 900-ден астам волонтер көмек көрсетеді. Әлеуметтік және экологиялық бастамаларды да күшейтіп отырмыз: қалдықтарды бөлек жинауды ұйымдастырып, «Тепло» жобасымен бірлесіп мұқтаж жандарға арналған киім жинау акциясын өткіземіз», — деп атап өтті Салтанат Қазыбаева.
Айта кетейік, «Almaty Marathon-ның қала экономикасына әсері» (2024) зерттеуіне сәйкес, марафон Алматы экономикасына айтарлықтай ықпал етеді. Жарыс өтетін екі күн ішінде шамамен 1 000 қатысушы 8 млн теңге көлемінде сатып алулар жасайды, ал серіктес компаниялардың салық төлемдері төрт жылда 318,9 млн теңгеден 873,9 млн теңгеге дейін өсті. Қалада тұрақты жүгіру экожүйесі қалыптасты: бүгінде Алматыда 40-қа жуық жүгіру клубы жұмыс істейді, тамақтану, медицина және спорттық жабдықтар салаларында инфрақұрылым дамуда.
Бұл ретте өзге өңірлерден және шетелден келген қатысушылардың 79,3%-ы Алматыға қайта келуді жоспарлап отыр — бұл жаңа сапарларды, қаладағы қосымша шығындарды және оған деген қызығушылықтың, соның ішінде инвестициялық тұрғыдан да, арта түсетінін білдіреді.
Халықаралық қызығушылық зерттеулермен де расталады: Almaty Marathon Mastercard компаниясы мен Almaty Tourism Bureau бірлесіп дайындаған қаланың туристік әлеуетіне арналған талдауға енген, онда ірі іс-шаралардың туристік ағын мен шығындардың өсуіне әсері атап өтіледі.
Еске салсақ, биыл Almaty Marathon 27 қыркүйекте өтеді және 16 000-ға дейін қатысушыны жинайды. Жыл сайын дәл осы жарыстың сөрелік жарналарының бір бөлігі қайырымдылыққа бағытталады: 2012 жылдан бері жалпы сомасы 300 млн теңгеден асатын 30-дан астам әлеуметтік және медициналық жоба жүзеге асырылды. Тіркелу almaty-marathon.kz сайтында ашық.
Бас демеуші: Kaspi.kz
Almaty Half Marathon Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өтеді.


